Қоғам

Өңірде “Қыс-2017” командалық оқу жиындары бастау алды

Антон Федяев – облыс әкімінің орынбасары:


– Сіздерге жүктелген басты міндет – төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу. Өңірлік төтенше жағдайлар отрядтарында өз қызметіне берік, тәжірибелері мол, жұмыстарын жақсы білетін мамандар еңбек етеді. Бүгінгі оңай емес сынақтан сүрінбей өтетіндеріңізге сенімдімін.

Көп кешікпей оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Алғашқы апат Володарское көшесіндегі “Айгөлек” саябағының маңында орын алған.

Мұрат Кангужинов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

– Мұнда жерүсті жылу желісінің құбыры істен шыққан, одан ыстық су атқылап тұр. Қайнаған судан жақын маңда өтіп бара жатқан бір азамат зардап шеккен. Апат салдарынан 38 абонент жылусыз қалды.

Көзді ашып жұмғанша апат орнына жедел жәрдем қызметі жетіп, зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсетті. Кейін арнайы техника және апаттық қызмет бригадасы 2 сағат ішінде құбырдағы ақауды тауып, оны қалыпқа келтірді. Жалпы бұл апаттық-құтқару шараларына 7 бірлік техника мен 23 құтқарушы жұмылдырылды.

Қолайсыз ауа райы мен көктайғақтың кесірінен автобус Петропавл-Омбы тас жолының бойында қар құрсауында қалып қойған. Дәрігерлер зардап шеккен жолаушыларға алғашқы көмек көрсетті. Кейін тиісті техника автобусты қар құрсауынан алып шықты. Ал мына жеңіл автокөліктің жағдайы тіпті ауыр. Жол-көлік апатының кесірінен жүргізуші өз темір тұлпарында қысылып қалған. Іске металл кесуші қайшы кірісті, кейін құтқарушылар зардап шеккен азаматты алып шықты.

Кирилл Иванников – СҚО ІІД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

– Қазір оқиға орнында облыстық ІІД қызметкерлері келіп, жол-көлік апатының орын алу себептерін айқындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Онымен қоса, мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында арнайы техника тас жолға құм мен тұз себуде.

Оқу-жаттығу жұмыстарын жіті бақылап жүрген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы құтқарушылардың жұмысына оң бағаларын беріп отыр.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 

– Құтқару жұмыстарын жүргізу барысына “жақсы” деген баға бердік. “Өте жақсы” болу үшін біздің техниканың мүмкіндіктері жеткіліксіз.

Өңірде өтіп жатқан “Қыс-2017” оқу-жаттығу жұмыстарына 70-тен аса техника мен 250-ге жуық құтқарушы қатысуда. Шара екі күнге жалғаспақ.

Саят Ермек