Мәдениет

Н. Погодин атындағы орыс-драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтті

– Қазіргі таңда бармақ басты, көз қыстылық өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл проблема сахна төрінен де көрініс тапты. Н. Погодин атындағы орыс-драма театрында сыбайлас жемқорлыққа қарсы спектакль қойылып жатыр. Театр өнерпаздарының туындысын қазір тамашалаймыз.


“Взятка по-неаполитански” қойылымы итальяндық драматург Алессандро Казоланың пьесасы бойынша сахналанған. Тақырыбы жағынан Гогольдің «Ревизор» туындысын еске салады. Екі оқиғада да жемқорлық мәселесі қозғалған. Жергілікті театр ұжымы ұсынған туынды Неаполь қаласында белең алған пара алушылықты әшкере етеді.

Сахна төрінде 15 жылға таяу жұмыс істеп келе жатқан Виталий Алфимовқа бұл қойылымда департамент бастығы қызметінде отырған Клементе Труттаның рөлін сомдау бұйырған. Кейіпкер барлық мәселені ақша арқылы шешетін шенеуніктердің бірі.

Виталий Алфимов – Н. Погодин атындағы орыс-драма театрының актері:


– Клименте Трутта қызметін адал атқармайтын бүгінгі шенеуніктердің прототипі. Кейіпкерім мәселелердің барлығын тиынның көмегімен ғана шешеді. Өзі пара алғандықтан, жанындағы адамдарға да сенімсіздікпен қарайды. Образға барынша кіруге тырысып бақтым.

Бұл спектакль – мықты актерлердің шоғыры ғана емес, режисердің үлкен еңбегінің де жемісі. Қоюшы режисер Елена Покрас рөлдерді актерлердің қарым-қабілеттеріне қарай бөлген екен. Сондықтан, білікті мамандармен қатар, жастар да кірістіріліпті.

Елена Покрас – Н. Погодин атындағы орыс-драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер:

– Біз тұсаукесерге жарты жыл көлемінде дайындалдық. Жалпы спектакілге 16 актер жұмылдырылды. Туындыны сахналау қиынға түсті. Себебі ол ауқымды, әрі өзекті мәселені қамтиды.

Қойылымның басқа спектакльдерден айырмашылығы – оның тың идеясында. Ойнау үлгісі мен көріністің ұсынылуынан бөлек, жаңа декорациялар жасалып, актерлерге ерекше грим салынған. Мысалы, кейіпкерлердің бетіне қызыл жолақтар әдейілеп салынған. Бұл – олардың жемқор екендерін білдіреді.

Қойылымның бағасын тұсаукесерге жиналған қалың көрермен берді

– Спектакль ересек буынға арналған. Бұл көбіне белгілі-бір қызмет орнында отырған адамдарға байланысты деп ойлаймын.

– Маған қойылым ұнады. Барлығы басынан аяғына дейін ойластырылған. Әсіресе декорациялары таңқалдырды.

Айта кетейік, келесі тұсаукесер кішкентай көрермендерге арналмақ. Жаңа жыл қарсаңында өнер ұжымы «Щелкунчик» қойылымын сахналайды.

Молдир Макишева