Ауыл шаруашылығы

Ауыл еңбеккерлерінің еңбегі тиісті дәрежеде бағалануы тиіс

Сергей Князев су жаңа себу кешенін басқарады. Көктемде бір өзі 3 мың гектарды жыртып, аталған аумаққа дән сіңіреді. Мұндай жұмыс көлемін екінің бірі орындай алмайтын көрінеді. Механизатордың еселі еңбегін компания басшылығы ескеріп, Сергей Князевті жоғары марапатқа ұсынған.

Сергей Князев – “Шағала-Агро” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:


– Жерде жұмыс істеуге кішкентайымнан машықтандым. Әкем шаруаға мығым адам болған. Сол кісінің арқасында техникаға, ауыл шаруашылығы саласына деген сүйіспеншілігім оянды. Жер анадан мол ырыздық алған соң оған тиісті күтім жасаған дұрыс. Өз басым жер өңдеужұмыстарына қатысамын. Алқаптарды жыртып, қажетті тығайтқыштар мен минералдарды сіңіреміз. Білгенімді жастарға үйретуден жалықпаймын. Артымнан ерген шәкіртім бар.

Көктемгі дала және күзгі жиын-терім науқанында “Шағала-Агро” серіктестігі маусымдық жұмыстарға 100-ге жуық адамды тартады. Сол мерзімде еңбеккерлері 250 мың теңгеден жалақы алып тұрады. Көпшілігі Бугровое селосының тұрғындары. Компания қатарға жаңадан қосылған еңбеккерлеріне үй сатып әпереді. Еңбеккерлеріне 500 мың теңгеге дейін пайызсыз несие береді. Берешекті жалақыларынан ұстап отырады. Компанияның кірісі жаман емес. Үсітміздегі жылдан бастап майлы дақылдарды көбірек егіпті.

Владимир Шершнев “Шағала-Агро” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы

– “Шағала-Агро” компаниясының қарамағында 10 мың гектар егістік жер бар. Дәнді дақылдарды ауыспалы егістік технологиясын сақтау үшін ғана егеміз. Биыл майлы дақылдар алқабының аумағын 5 мың гектарға ұлғайттық. Себебі оның бағасы бидайдан үш есе жоғары. Сәйкесінше, экономикалық тұрғыдан тиімді. Үстіміздегі жылы гектарынан 22 центнер дәнді дақыл, гектарынан 11 центнер майлы дақыл жинап алдық.

“Шағала-Агро” компаниясы машина-трактор паркін жаңартуды соңғы орынға қойған жоқ. Жыл сайын заманауи ауыл шаруашлығы техникаларының санын артырыпты. Қазіргі таңда серіктестікте су жаңа 50 бірлік техника бар.

Берік Қасен