МТРА жаңалықтары

Жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ 642 жобаны қаржыландырған

Досмұхамбет Жораев – “Бибінұр” ЖК директоры, Мамлют ауданы:

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ “Береке” бағдарламасы бойынша 3 млн-ға жуық несие рәсімдедім. Қаржыға 20 бас мал алдым.

Кәсіпкер шөпті өз техникасымен шауып, жинап алған. Ал жемді сатып алыпты. Ауыл тұрғыны бұл ірі қараны келер жылдың көктемінде сойып, етін өңір тұрғындарына саудаламақшы. Жалпы өңірде мал шаруашылығын қолға алып жатқан жандар жетерлік. Мәселен, жыл басынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ мал шаруашылығы бағытындағы 206 жобаға несие берген. Жалпы сомасы 543 млн 800 мың теңге.

Ерік Аубокиров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ бас несие менеджері:

– Біз жыл басынан барлығы 642 жобаны қаржыландырдық. Жалпы сома 2 млрд 283 млн теңге. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 303 жоба мақұлданды. Аталмыш бағдарлама арқылы қаржы алу үшін аудандағы жұмыспен қамту орталығына жүгініп, арыз жазу қажет.

Жалпы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ-нан несие алу көрсеткіші бойынша Қызылжар ауданы көш басында. Бұл ауданның елді-мекендерінен 39 жоба қолдау тапқан.

 

Риат Шони