МТРА жаңалықтары

“Нұр” қалалық мешітінің күмбезі ауыстырылады

Жөндеу жұмыстары ескі қаңылтыр күмбезді ауыстырудан басталған. Жаңадан орнатылатын алтын түстес күмбез де жеткізілді. Оны жасатуға елордалық кәсіпкер Асқар Омар қаржы бөліпті. Ал тапсырысты жергілікті “Шаврин” жеке кәсіпкерлігі орындаған.

Саят Ермек – тілші:


– Екі бөліктен тұратын су жаңа күмбезді дайындауға 2,5 ай уақыт және 1,5 млн теңге қаражат жұмсалған. Күмбез толығымен тат баспайтын болаттан дайындалған. Көптен күткен тапсырыс дайын, енді бірер күннен соң күмбез “Нұр” қалалық мешітінің минаретіне сән салтанат сыйлап тұратын болады.

Жуырда бірнеше меценат мешітке су жаңа шаңсорғыш, теледидар мен жүгіртпе жолағына арналған экран сыйлапты. Кілемдер де ауыстырылған. Оларды “Қызылжар” орталық мешіті тарту етті. 100 орынға шақталған асхана жөндеуден өткен. Сыртқы қасбеті ағартылған, ішіне тартпалы төбе орнатылып, қабырғалары сырланған. Орындықтар да жаңадын алыныпты. Жалпы, жыл санап мешітке жанашырлық танытушылардың саны көбейіп келеді дейді бас имам.

Азамат Сәрсенов – “Нұр” қалалық мешітінің бас имамы:
– Биылғы жылы көмек берем деуші демеушілердің саны көбейді. Бұл ислам дінінің дамып жатқандығының көрсеткіші.

Келер жылға қойылған жоспарлар да ауқымды. Демеушілердің, намазхандар мен азаматтардан түскен садақаға мешіттің шатырын сырлап, терезелерін ауыстыру көзделген.

Азамат Сәрсенов – “Нұр” қалалық мешітінің бас имамы:

 

– Бір демеуші асхананың шатырын сырлауға 300 мың теңге берген еді. Ауа райының күрт бұзылуына орай бұл жұмыстарды келесі жылға қалдырдық. Енді мінәжат етушілердің дәрет алатын орны жарамсыз. Жөндеу жұмыстарына демеушілерді іздеп жатырмыз.

135 жылдық шежіресі бар мешіттің тарихи маңызы орасан. Көпес Халит Янгуразов тұрғызған бұл ғибадат ету орны 18-ғасырда бой көтеріп, осы күнге дейін сақталғандардың бірі.

Саят Ермек