МТРА жаңалықтары

Былтыр қар құрсауынан 4,5 мың солтүстікқазақстандық құтқарылыпты

Өткен жылы 213 жүргізуші смс хабарламаларды елемей, қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпақшы болған. Оларды жол бекеттерінің тұсында тәртіп сақшылары үйлеріне кері қайтарды. ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, Айыртау, Есіл, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов аудандарының тұрғындары көбінесе мамандарды тыңдамайды.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 5 жылдың ішінде қыс мезгілінде болған төтенше жағдайлардан 7 адам қайтыс болды. Біреуі үсіп, басқалары қар құрсауында қалған машинаның ішінде иісті газбен уланып өлген.

Өткен жылдары аймағымызда адам өлімі фактілері тіркелсе де, басқаларына бұл сабақ болмай тұр. Адамдар бұрынғысынша бастарын қатерге тігеді. Өткен жылы 500 бірлік техника қар құрсауында қалып, одан 4,5 мың адам құтқарылды. Мұндай жағдайлардың биыл да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан құтрушылар құрал-жабдықтары мен техникасын сайлап отыр.

Осы тұста өрт қауіпсіздігі ережелерін ұмытпаған жөн. Мамандардың сөзінше, жылыту маусымында өрт оқиғалары жиілейді. 78 пайызы тұрғын үйлерде орын алады.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:


– Жыл басынан бері 588 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен саластырғанда 12 пайызға жоғары. Тілсіз жау 34 адамның өмірін жалмады. 2-еуі бала. 21 адам жарақат алды. Қызыл жалын тұрғындарға жалпы сомасы 73 млн теңгенің материалдық шығын келтірді.

Өрттің шығу себептері әдеттегідей отпен абай болмау, электр құрылғыларын және пештерді дұрыс қолданбаудан болып отыр.

Берік Қасен