Қоғам

Өңірде инновациялық жобалар қарқынды жүзеге асуда

Олардың басым бөлігі Қызылжар ауданындағы білім ошақтарында жұмыс істеп тұр. Биыл да қызуы жоғары, әрі аса шығын келтірмейтін 7 пеш облыстағы білім ордаларына орнатылыпты. Жаңа құрылғылар арқылы жылыту маусымына жұмсалатын қаржы үнемделмек.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:


–  Жаңа қазандықтар арқылы 9 жарым миллион теңге ақша үнемдемекпіз. Бұдан бөлек, өңірдегі “Сапро-Нат” ЖШС мектептерге пиролиздік пештер де орнатып жатыр. 15-ші жылдан бері қызуы ұзақ сақталатын 29 құрылғы қойылды. Биыл Ақжар, Тайынша аудандарындағы 49 білім ұясы осындай қондырғыға көшті. Осылайша облыстағы мектептердің 22 пайызы инновациялық технологиямен жылытыла бастады.

Келесі жылы қаламыздағы “Солнышко” балабақшасы заманауи пленкалар арқылы жылытылатын болады. Арнайы таспа электр энергиясы арқылы 50 градусқа дейін қызады. Кейін, регисторлық күйде өзіндегі жылуды нысанға бөледі. Қондырғы ғимарат ішіндегі температураны қалыпты нормада ұстамақ. Бұдан басқа, биыл Петропавлдағы нөмірі 13-ші орта мектеп те инновациялық технологиямен жылытылуға көшіпті.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– 13-ші мектепке геотермалық сорғы орнатылды. Заманауи қондырғы нысанды жер асты сулары арқылы жылытады. Яғни, құрылғы өздігінен жеткілікті мөлшерде тіршілік көзін сорып алады. Оны белгілі бір градуста қайнатып, ғимараттың ішіндегі температураны арттырады. Осы аппарат арқылы жылыту маусымына кеткен шығын 3 есе аз болады деп күтілуде.

Өңірде инновациялық технологияларды меңгеру ісіне көп көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл Астана қаласындағы “ЭКСПО-2017” көрмесін теріскейліктер де көріп қайтты. 3 айға созылған халықаралық шарада 24 мыңнан аса студент, оқушы, мұғалім мен білім мекемелерінде қызмет атқаратын инженер мамандар да болды. Олар тың жобалармен танысып, заманауи құрылғыларды тамашалады.

Байболат  Култанов