Қоғам

19-шы ықшам аудан тұрғындары мамыр айынан бері сазды кешіп жүруге мәжбүр

Бүгінгі жағдай сәл өзгешерек. Ауа температурасы төмендегеніне мына азаматтар шүкіршілік етіп отыр. Себебі, енді жолмен жүре алады. Алайда, күн сәл жылынса, видеодағы жағдай қайталанбақ. Ұлсара Мусина Семашко, 54 мекен жайында он жылдай тұрады екен. Кейуананың сөзінше, бұрын көршілер бірлесіп жолға қиыршық тас төсеген. Ал, дәл осындай жағдай бұрын соңды орын алмапты.

Игорь Семашко:
–  Мамыр айынан бері мына батпақтан көзіміз ашылар емес. Көлігімізбен бірге батуға жақын қалдық. Кей тұрғындар бұл жолды еңсеріп, таза өту үшін аяқтарына бахилы да киетін. Алайда, бір-екі адым жасаған соң, сары балшық арасында ол да қалып қояды. Арызданбаған жеріміз жоқ. Осындай жағдайды тудырып отырған мердігерлердің өзіне де, қалалық әкімдікке де бардық. Барлығы тек уәде беріп қана қойды.

Таңертең жұмысқа шығып, қайта оралу үшін тұрғындар баспана дуалының маңымен өтеді. Бұл жолдың өзі де кедергілерге толы.

Вера Гинько:

– Үйіміздің қасына электр сымын көтеріп тұрған қосалқы бағаналар бар. Мен үйіме кешкі сағат ондар кезінде ораламын. Бұл уақытта дала тас қараңғы. Бағаналар мен сымдарға шалынып, құлап қаламын ба деп қорқамын.

Бұл жағдай мамыр айынан бері жалғасуда. Себеп – ағымдағы жылдың қаңтар айында жақын маңда көпқабатты үйлердің құрылысы бастау алған. Көктемде нысандарға су мен жылуды өткізу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Семашко көшесі бірнеше мәрте қазылыпты. Тұрғызылған баспаналар алдына асфальт төсеп, абаттандыру шараларымен алматылық “Акцент кз” компаниясы айналысуда. Өз жұмыстарын тындырып жатқан серіктестік көршілес үй иелеріне жолды тамыз айында қалыпқа келтіреміз депті. Алайда, сол уәде бергендерінен, міне, 4-ші ай кетті.

Бегәлі Байтөлешов – “Akcent KZ” ЖШС құрылыс бөлімінің басшысы:

 


–  Бізде жоба бойынша бұл аумақ бірнеше учаскеге бөлінген. Сол жоба негізінде жұмыстар жасалады.

Мердігерлердің сөзіне сенер болсақ, ағымдағы айдың соңына дейін жағдай біржақты етілуі тиіс. Яғни, жол қалыпқа келтіріліп, қиыршық таспен төселуі қажет.

Эльмира Садвокасова