МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Мені шыңдаған Серпін” атты байқау өтпек

Биыл аталған жоба аясында білім қуып, үйлерінен жыраққа аттанған жастардың саны 15 мыңнан асыпты. Бұл ұл-қыздардың шамамен 80 пайызы университет қабырғасында, қалғаны колледждерде оқып жүр. Осы бағдарлама бойынша 4 жыл ішінде солтүстік өлкеге 1200-ге жуық жас келіпті.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:


–  Қазіргі таңда “Серпін-2050” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 866 адам М.Қозыбаев атындағы СҚМУ университетінде оқиды. Олар 25 мамандық бойынша білім алуда. Ал, қалған студенттер өңір аумағындағы 5 бірдей колледжде 11 бірдей мамандықты меңгеруде. Барлық жастар жатақханалармен қамтылған. Оқу үлгерімдері жақсы ұл-қыздарға шәкіртақы төленеді. Жол ақылары да бекітілген соммада беріледі. Ал, аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүгедектерге бір реттік киім-кешек беріледі.

Жақында Петропавлда осы “Серпін-2050” мемлекеттік бағдарламасы аясында оқитын студенттер арасында республикалық байқау өтпек. “Мені шыңдаған Серпін” атты конкурсқа қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін 120-дан аса ұл-қыз қатысады. Олар 11 аталым бойынша сынға түспек.

Күлзия Тобатаева – “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ Ұлттық жобалар басқармасының басшысы, Астана қаласы:


–  Байқау техникалық мамандықтар бойынша өтеді. Әр колледжден 2, университеттерден 1 студент қатыспақ. Олар өз жетекшілерімен келе жатыр.

Айта кетейік, “Мені шыңдаған Серпін” байқауы қарашаның 8-і мен 10 күндері аралығында өтеді. Білгірлердің бәйгесінде жүлдегер атанған жастар мақтау қағаздары, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

 

Байболат  Култанов