Спорт

Петропавлда футболдан қала әкімі кубогының иегері белгілі болды

Жанат Мұхамедғалеев – Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы:


–  Бұл турнирге 20 команда қатысқан. Былтыр 18 болған. Іріктеу сынынан іркілмей өткен қос құрама бүгін ақтық сынға жетті. Жарыс сәуір айында басталған. Барлық ойындар “Жастар” стадионында өтті. Бүгін жеңіске жеткен команда диплом, кубок және медальдармен марапатталады.

Финалдық ойын тартысты басталды. Жасыл жейде киген “Динамо” ойыншылары “ә” дегеннен-ақ шабуылға көшті. Ұтымды сәттер ұйымдастырып, жақсы соққылар да бағыттады. Алайда, тепкен теңбіл доптары қақпаға дарымады. Ал, қарсылас команда – “Қызыл-Жар СҚ” футбол орталығы. Бұрынғы кәсіби футболшылардан жасақталған. Арыны азулы екендігін айтпаса да түсінікті. Көп күттірмей бұл ұжым ойыншылары гол соғып, есеп ашты.

“Динамо”-да оңай шағылатын жаңғақ емес. Алғашқы кезеңнің соңына таман пенальтиден таразы басын теңестірді.
Матчтың екінші таймыда қызыққа толы болды. Жасыл алаңда қар кешкен футболшылар жан алысып, жан берісті. Кездесу тағдыры ойыннан кейінгі пенальти сериясында шешіле ме деп үміттенген жанкүйерлер үшін қуанышты сәт туды. 90-шы минутта “Қызыл-Жар СҚ” футбол орталығы екінші гол соғып, жеңіс тойын тойлады.

Евгений Аверченко – “Қызыл-Жар СҚ” футбол орталығы командасының ойыншысы:

– Ойын өте ауыр болды. Жасыл алаңға қар түсіп, қиындық туғызды. Қарсыласымыз мықты. Соңғы кезде қалада өтіп жатқан барлық жарыста жеңімпаз атанып жүрген. Бүгін біздің жолымыз болды.

Осылайша, “Динамо” командасын 2-1 есебімен тізе бүктірген “Қызыл-Жар СҚ” футбол орталығы қала әкімі кубогының иегері атанды.

Риат Шони