Қоғам

13-ші Ұлттық Дельфий ойындары аяқталды

Бұл қыз-жігіттердің құлағы музыканы мүлде естімейді. Бірақ кез-келген бидің түбін түсіріп орындап береді. “Саңырауларға арналған хореография” аталымында «Sensitive» балдық би ансамблі өңір қоржына алтын медаль салды. Онсыз да, әлемді шарлап халықаралық додаларда тек бірінші орыннан көрініп жүрген ұжымға бұл қиынға соқпады.

Ақмоладан келген Асылхан Қуатовтың да құлақ кемістігі бар. Жиырма бірдегі бозбаланың өнері бір басына жетіп жығылады. Ыммен ән айтуда 4-ші орын алса, қолданбалы қолөнер аталымында алтыннан алқа тағынды. Көкшетаудан өзінің сурдоаудармашы ұстазы Любовь Сенченкомен келген. Айта кетейін, үлкен байқауда құлақ кемістігі бар балалар үшін бірнеше аталым болды. Ал, бұл – республиканың әр түкпірінен келген ерекше жастардың өзара араласуына үлкен мүмкіндік тудырып отыр.

Асылхан Қуатов, Ақмола облысы:


–  Мұндай байқауға біріші рет қатысып отырмын. Ән айтқанды сүйемін. Ал, қолданбалы қол өнер аталымына ағаш аттың суретін қашап әкелдім. Астына Көкшетау деп жаздым. Мен бұрын өзім сияқты балалармен интернет арқылы танысатынмын. Ал, жоба барысында олармен бетпе-бет әңгімелесе алдым.

Күміс көмей әншілердің мекені Батыс Қазақстаннан Петропавлға Дельфий ойындарына қатыспаққа 20-дан артық өнерпаз келді. Оралдың намысын қорғаған Ерназар Жұбан өкінішке қарай, бүгін үздіктердің концертінде ән сала алмады. Бозбала үшінші орынды қанағат тұтқан. Эстрадалық вокал аталымында бәсекелестік мықты болғанға ұқсайды.

Ерназар Жұбан, Батыс Қазақстан:


–  Әділ қазылар алқасы басты кемшіліктерімді атап өтті. Сынға іліккеніме ренжімеймін, мойымаймын. Алда әлі талай байқаулар бар. Қатыса беремін.

Дельфий ойындарында тележурналистика, фото және қысқа метражды фильм аталымдары да болды. Өнерлері өзгенікінен ерек жандар да көп қатысты.

Бұл – байқауға арнап Қазақстан-Шымкент арнасының жас тілшісі Нұрсұлтан Аббаз әзірлеген материал. Жалғыз интервьюден құрылған сюжетті 5 минутқа шақтап әзірлеген. Дельфий ойындарына 600-ге жуық дарын иесі қатысатынан басқа ақрапатты іздеп таба алмаған екен. Деседе, жігіттің мақалды көп білтені ұнады ма, әлде алыстан келгенін ескерді ме қазылар Нұрсұлтанның жұмысын бірініші орынға лайық көрген.

Қазақтың оюымен әрленіп, ұлттық болмысты жеткізіп тұрған заманауи 6 көйлек – 22 жастағы жігіт Мерей Ынтымовтың еңбегі. Астанадан келген дизайнер бір күн ішінде кез-келген киімді үстіңізге шақтап тігіп береді. Байқау барысында базарға барып мата таңдап, қазылар алқасының алдында бірнеше киімді тігіп берген. Бүгін де қолы ісмер жігіт Шабыт университетінде білім алады. Дельфий ойындарына жеңемін деген үлкен сеніммен келген.

Мерей Ынтымов, Астана:


–  5 көйлекті коллекция өзіммен бірге алып келдім. Ал, екінші турда бір көйлек тіктім. азанда мата алуға бардық. Түстен кейін тігуді бастап кеттік. Сағат алдыда тапсыру керек болдық.

Гала концертте академиялық ән айту аталымының жүлдегерлері өздерінше ерекшеленді. Оларға қазылық еткен әнші Азамат Жылтыркөзөв ешкімді бөліп жармай кіші және ересек топта үздік үштіктен көрінген 6 қатысушыны сахнаға өзімен бірге алып шықты.

Олардың ішінде алтын медальді 16 жастағы оңтүстікқазақстандық өрен Нұрқанат Талиев алса, ересектер арасында 25-тегі астаналық сылқым Гүлнұр Жақслықова топ жарған.

Нұрқанат Талиев, Оңтүстік Қазақстан облысы:


–  Азамат Жылтыркөзөв аға бұл әнді осы Гала концертте айтуға ұсыныс жасады. Бұл өлеңді бүгін дайындалдық. Бүгін айттық. Көрермен көңілінен шықты деп ойлаймыз.

13-ші Дельфий ойындарын қорытқанда жалпы командалық есепте бірінші орын – Солтүстік Қазақстанда. Бұл ретте Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түсіпекова облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы басшысы Ермек Рахимовке жеңімпаз кубогын тапсырды.

Ермек Рахимов, СҚО мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқарамсының басшысы:


–  13-ші Ұлттық Дельфий ойындарының нәтижесі біз үшін мақтанарлықтай. Еншілеген 26 медальдің – 9-ы алтын, 11-і күміс қалған 6-уы қола. Бір арнайы диплом бар. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Эстрадалық вокал, тележурналистика, театр аталымдары бойынша күміс медальдар қанжығаладық.

Екінші орында – 4 алтын, 5 күміс, 2 күміс медальға қол жеткізген Астана қаласының командасы табан тіреді. Ал, үздік үштікті ақмола өңірінің дарындары түйіндеді. Олар 3 алтын 1 күміс, 2 қола алған. Бірінші орын алған өнерпаздар Ұлттық Дельфий ойныдарынан ел құрамасына ілігіп, Халықаралық байқауға қатысады.

 

Акбопе Танирберген