Спорт

Петропавлда екінші “Street workout” алаңы ашылды

Андрей Ефимов – “Bar Sky” командасының мүшесі:


–  Бұған дейін грек рим күресі сынды спорттың бірнеше түрімен айналысқан болатынмын. Сондықтан, мықты дайындықпен келдім. Стрит воркаут маған ерекше ұнады. Әлі бірнеше жыл осы бағытта жұмыс істеп, талай белесті бағындыратыныма сенімдімін.

Ал, Әділет Борашов стрит воркаутшылардың қатарына енді қосылмақ ниетте. Жасөспірім өзгелер сынды спорттың бұл түрінің шет жағасын кішкентайынан ауладағы белтемірге тартылып меңгере бастаған. Ал, жуырда қызығушылығы тіптен артыпты.

Әділет Борашев:


–  Мен алғаш рет турникке тартылғаннан кейін, бұнымен кәсіби түрде айналысқым келді. Қазір түрлі элементтерді меңгеру үстіндемін.

Белтемірде офицерлік шығу, найза және қарлығаш. Бұл стрит воркауттегі ең танымал элементтер. Оны меңгеру үшін жастар талмай еңбек етеді.

Стрит воркаут қазір қарқынды дамып келе жатқан спорттың жаңа бағыты. Қазақстандықтар оған 2012 жылдан ерекше көңіл бөлген екен. Ғаламтордағы түрлі видеоларды көріп, үйрене бастапты. Алайда, оны дамытып, жаңа элементтерді меңгеру үшін турниктердің түр-түрі қажет. Сондықтан, еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы алаңдар ашылуда. Бұл – шаһардағы осымен екінші спорттық құрылғылар кешені. Алғашқысы – Жастар стадионында орналасқан.

Әйтім Жакупов – стрит воркауттан ҚР бас жаттықтырушысы:

 


–  Бұндай алаңдарды еліміздің бірқатар қалаларында Ұлттық Олимпиадалық Комитет орнатты. Спортпен шұғылданып, түрлі әдемі әдістерді орындау үшін мұнда барлығы бар. Құрылғылар Қазақстанның өзінде шығарылады. Орнатылғаннан кейін мамандар оны бақылаудан өткізіп қана, қолданысқа береді. Стрит воркаут басқа да спорт түрлері сынды салауатты өмір салтын насихаттайды.

Ал, алдағы уақытта Петропавлда Стрит воркауттан Қазақстан Федерациясының филиалы ашылмақ.

Эльмира Сәдуақасова