Мәдениет

Өңірімізде 13-ші дельфий ойындарының ашылу салтанаты өтті

Қатысушылардың барлығы өнер жарысына жақсы дайындықпен келген. Олар дода барысында қарым-қабілеттерін көрсетіп, өзара үздікті анықтамақ. Ал олардың жұмысын арнайы қазылар алқасы бағалайтын болады.

Құралай Түсіпбекова – Ұлттық Дельфий комитетінің директоры:

– Өнерпаздар жалпы 2 кезеңнен өтулері тиіс. 1-ші кезеңнен өткен жас таланттар, 2-ші турға жолдама алады. Әр номинация бойынша жас ерекшелігіне қарай 3 жеңімпазды анықтаймыз. Жеңіске жеткен өнер иелері Халықаралық дельфий ойындарында Қазақстанның намысын қорғайды.

“Шаттық” би ансамблі дүбірлі додаға Оңтүстік Қазақстаннан келіп отыр. Ансамбльдің 15 жылдық тарихына қарамастан, қатысушыларға өнерлерін жұртқа мойындату оңайға соқпайтыны анық. Себебі қарсыластары осал емес. Десе де, тыңғылықты дайындық өз нәтижесін береріне сенімді. “Шаттық” ансамблі бишілерінің бірі Ақерке Сақтағанова. Бимен 5 жасынан айналысып келе жатқан жас дарын, өнер көгінде самғауды мақсат етіп отыр.

Ақерке Сақтағанова – “Шаттық” ансамблінің бишісі, ОҚО:

– Осы жаққа өз өнерімізді көрсету үшін келдік. Біз 3 қазақша және 1 өзбекше би дайындап әкелдік. 3- ші биіміз “Балбырауын” деп аталады. Бұл конкурстың ашылуына дайындалған би.

Барлығы 600-дей жас талант 18 аталым бойынша өнер жарыстырмақ. Атап айтсақ, халық әні, қобыз, би, эстрадалық ән, фотосурет, театр, тележурналистика, домбыра, сурет өнері бойынша әр облыстан іріктелген кілең мықтылар бақ таласады. Ал Қызылжардың намысын 170 өнерпаз қорғамақ.

Ермек Рахимов – СҚО мәдениет, архивтер, және құжаттама басқармасының басшысы:


– Бүгінгі шараға республикамыздың 14 облысы қатысып отыр. Олар алдын-ала іріктеу кезеңінен өткен өнерпаздар. Біздің облысымыздың дарындылары фотосурет, домбыра, театр, эстрадалық би сияқты аталымдар бойынша өнер көрсетеді. Солтүстікқазақстандық жастар үшін бұл үлкен серпіліс болады.

Әлемдік деңгейде өтетін дельфий ойындарында Қазақстан құрамасы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Қазіргі таңда отандастарамыз үздік бестіктің қатарында. араларында кембағал жандар да бар. Биыл бұл додада 120 мүмкіндігі шектеулі бала арнайы аталымдар бойынша өнер көрсетпек.

Нұржан Сертеков- қазылар алқасының төрағасы:

– Дельфий ойындарына дені сау, 12 мүшесі түгел жандармен қатар, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар да қатысады. Бүгін алғаш рет “арбамен би билеу” аталымының тұсауы кесіледі.

Ашылу салатанатына орайластырылған концерттік бағдарлама тутұғыр маңынан жалғасын тапты. Мерекелік шараға арнайы шақырылған өнер жұлдыздары да ат салысты. Жиналған қауым Әлішер Кәрімов пен Әли Оқаповтың әндерін тыңдады.

Әлішер Кәрімов – қазақстандық эстрада әншісі:

– Кез-келген сайыс қатысушылар үшін үлкен сынақ. Осындай сайыстардың болашақ әншілер үшін пайдасы зор деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Шара соңында дельфий ойындарының алауы жағылып, отшашу ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Қызылжар төрінде бастау алған өнер додасы 2 күнге созылмақ. Жарыстың 2-ші және 3-ші күндері негізгі сайыстар ұйымдастырылып, соңынан фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің құрметіне арналған қорытынды жабылу салатанаты өткізілетін болады.

Молдир Макишева