Білім

М.Жұмабаев аудандық әкімдігі мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Ауыл квотасымен келгендер міндетті түрде елді мекендерге жұмысқа барады. Көбіне жастар ауылдарға барғылары келмейді. Ең бірінші кезекте олар жағдайын қарайды.

Салдарынан өңір елді мекендерінде кадр тапшылығы қатты сезілуде. Олардың қатарында М.Жұмабаев ауданы да бар. Бұған урбанизацияның зияны тиіп жатыр. Қазіргі таңда бұл аудандағы жастардың 65 пайызы отандық университеттерге түсіпті. Ал 35-і шекаралас Ресейде. Бірақ туған жерге қайтып келу көрсеткіші төмен. Бүгінде ауданда медицина саласында еңбек ететіндердің орташа жасы 44, ал мұғалімдердің орта жасы 40-тан асады. Мәселені бір жақты ету үшін аудан басшылығы жергілікті жоғары оқу орны мен әріптестік орнатпақ. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де М.Жұмабаев ауданының 216 тумасы оқиды.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


–  Бізде 119 бос орын бар. Жас мамандар қажет. Оларға мемлекеттік көтерме ақы қарастырылған. Тағы баспанамен қамтамасыз етеміз.

Ләззат Амирали – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті. Информатика пәні мұғалімі мамандығын меңгеруде. Осыдан 4 жыл бұрын “Серпін” бағдарламасы арқылы солтүстікке келіпті. Ләззаттың айтуынша, ауылда да жұмыс істеуге болады.

Ләззат Амирали – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  Барлық мүмкіндіктер бар. Мен оқуымды аяқтағаннан кейін қалаған жерде жұмысқа тұра аламын.

Кездесу соңында М.Жұмабаев ауданының басшылығы мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ің әкімшілігі әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Енді бұл құжаттың аясында оқуын тәмамдаған жастар аталмыш ауданда оңайлықпен екі қолға бір күрек таба алады.

 

Риат Шони