МТРА жаңалықтары

Жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тдыруда

Саят Ермек – тілші:


– Мир көшесінің бойындағы үйлерге аяқ киімің мен шалбарыңды саз қылмай өту мүмкін емес. Себебі, мұнда маусым айынан бері ұзын-сонар жылу желісі күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан шаршаған тұрғындар шарасыздықтан біздің телеарнаға шағымданды. Ал біз мәселенің басын ашу үшін оқиға орнына бас сұқтық.

Шынымен де, тұрғындардың базына айтар жөні бар. Алтынсарин көшесінің бойында мынадай ор қазылып тұрғалы қаншама. Одан ағаш көпір арқылы ғана өтуге болады. Оның ар жағындағы жағдай да көз алдарыңызда. Мәселен, Наталья Соломинаның балалары жақын маңдағы балабақшаға, спорт мектебіне барады. Жөндеу жұмыстарының кесірінен аяғыңа резеңке етік киіп қана қатынау мүмкін дейді ашынған ана.

Наталья Соломина – қала тұрғыны:


–  Күні кеше қиыршық тастарды төсеген сияқты еді, одан пайда жоқ. Балалармен жүру мүмкін емес. Менікілер кішкентай ғой, қолға көтеріп өткізуге болады. Оқушыларды, қарт адамдарды аяймын.

“Петропавл жылу желілері” серіктестігінің қарамағындағы №1 жылу желісінің тұрғындардың мазасын алып келетініне біраз болған. Сондықтан, “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің басшылығы күрделі жөндеу жасауға бел буған. Құбырларды алматылық медігер компания ауыстыруда. Жұмыстар қазанның 15-і аяқталуы тиіс еді. Алайда, жөндеудің тәмамдалар түрі жоқ. Тиісті құрылыс нормалары да сақталмаған.

Азамат Ескендiр, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің инспекторы:


– Медігер азаматтардың ордан өтуін көпір арқылы қамтамасыз етуі тиіс. Онымен қоса, көшелерде жарықтың да болуы шарт. Құрылыс тақтасында компанияның байланыс нөмірлері орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс орны қоршаумен оқшаулануы керек. Азаматтар үшін қиыршық тастар мен бетон тақталар да төселуі тиіс.

Ия, көпір бар. Алайда тұрғындар бұл шаруаның бірнеше айлап созылып кеткеніне наразы. Күзгі жауын-шашын да жағдайды ушықтырған. Баспана иелері жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталып, еш қиындықсыз жүріп-тұруға жағдай жасалса игі деп шырылдайды.

– Өте қиын, кір, лас. Бірақ, мұның бәрі уақытша. Құбырларды жақсы істесе керемет болар еді.”

 

– 3 шақырымдық жылу желісін бірнеше күнде ауыстыру мүмкін емесі аян. Тек жұмыстарды аяқтап біткен соң көшені қалыпқа келтірсе болғаны. Далада жарық жоқ, түнде тас қараңғы, бағаналарды алып тастады. Біз бәрін түсінеміз, бірақ батпақ кезуден шаршадық.

Жөндеу жұмыстарына жауапты серіктестіктің өкілдері мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Айту керек, қазір шаһар жылу желілерінің жағдайы көңіл көншітпейді. 233 мың 503 шақырымға созылып жатқан құбырлардың 67 пайызы тозып біткен. Сондықтан, жөндеу жұмыстары қажет-ақ. Алайда жақын маңдағы баспана иелеріне жасалған қолайсыздықтың орны бұл сюжеттен соң толтырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Саят Ермек