МТРА жаңалықтары

Петропавлда XIII Ұлттық Дельфий ойындары басталды

16-25 жас аралығында өрендердің өнерін елімізге белгілі мәдениет майталмандары, белді жоғары оқу орындарының профессорлары бағаламақ. Байқоңыр Ижанов бейнелеу өнері аталымына қатысатындарды сынамақшы.

Байқоңыр Ижанов – қазылар алқасының төрағасы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

– Осы жоба арқылы мектеп оқушылары, колледж, университет студенттерін өнер саласына тартпақшымыз. Өнерге жақын болған бала жаман болмайды. Түбінде рухани жан жүниесі бай тұлға болып қалыптасады.

Жиынға отандастарымызға белгілі опера әншілері қатысты. Азамат Жылтыркөзов үлкен сахнаға жолдаманы Ұлттық Дельфий ойындарынан алған. 20 жасынан қазылардың ерекше назарына ілігіп, жұлдызы жанған.

Азамат Жылтыркөзов – Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– 2006 жылы халықаралық Дельфий ойындарында 1-орын алып, жолым ашылды. Қазіргі таңда Ресейге, Белорусияға, Арменияда өтетін Дельфий ойындарына қонақ ретінде барып қатысып жүрмін.

Опера әншісі Азамат Жылтыркөзов “Академиялық ән салу” номинациясында
қазылар алқасына төрелік етпек. Өнер майталманы қазіргі заман жастарының талғамы жақсы, талабы таудай дейді.

Азамат Жылтыркөзов – Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Таза тонда дыбысты айтып шығу. Әртістік мәнеріне баса көңіл бөлеміз. Шығарманың мәтінін тереңдетіп ашу. Бұл байқауда ХVI – XIX ғасырлардағы көне ариялар, романстар, қазақ халық әндері орындалады.

Азамат Жылтыркөзовтың айтуынша, Ұлттық Дельфий ойындарының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын биік асулар күтіп тұр. Болашақта байқаудан алған сертификаттары қажетіне жарайды. Марапаттары өнер университеттері мен академияларына түсерде міндетті түрде ескеріледі.

Берік Қасен