Спорт

Петропавлда жеңіл атлетикадан Special Olympics Kazakhstan республикалық турнирі бастау алды

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылданауына зор мүмкіндіктер жасалынған. Оған біздің спортшыларымыздың қол жеткізіп жүрген жетістіктері айғақ.

Жеңіл атлетикадан Special Olympics Kazakhstan республикалық турниріне қатысушылар екі деңгейде өнер көрсетеді. Алғашқысы даун синдромына шалдыққандар болса, келесісі психологиялық ауытқуы бар жеткіншектер.

Қанат Сәдуақас – СҚО бiлiм басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

– Бұл турнирде жеткіншектер 30, 60, 100 және 400 метрлік қашықтықтарда сынға түседі. Оған қоса ұзындыққа секіруде бар.

Көп ұзамай жарыс басталды. Барлық сайыс түрлері қатарынан өтуде. Бір жолақта спортшылар 30 метр қашықтықта мықтыны анықтаса, келесісінде алыс дистанцияда эстафета өтуде. Ал киікше орғыған ұл-қыздар ұзындыққа секіріп жарысуда. Бұл сында өңір намысын Алена Тоцкая қорғады. Жеңіл атлетикаға жақында ғана бет бұрған өрен, өзін қанағаттандыратын көрсеткішке қол жеткізді.

Алена Тоцкая – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Мен үш рет секірдім. Ең соңғысында жақсы нәтиже көрсете алдым. 1 метр 62 см. Бұл мен үшін жоғары көрсеткіш.

Special Olympics Kazakhstan республикалық турнирі теріскей төрінде екі күн өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша барлық қатысушылар мен жеңімпаздар медаль, кубок және грамоталармен марапатталады.

 

Риат Шони