Қоғам

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өрт қауіпсіздік ережелері айтылды

Николай Белоусов – СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары:

– Биыл Жамбыл көшесі 170-ші үйдің 7-ші қабатындағы 31-ші пәтерден өрт шықты. Баспана иесі мас күйінде ұйықтап қалып, темекі тұқылын сөндіруді ұмытып кеткен. Салдарынан бөлмелер қызыл жалынға оранып, жиһаздар мен киімдер зақымданған. 62 жастағы петропавлдық көз жұмды.

Брифинг барысында құтқарушылар өрт кезінде адамдарды көшіру ережесін еске салды, қарапайым кеңестерін берді. Көппәтерлі үйлерде тұратындар төтенше жағдай кезінде бастысы абдырамау керек дейді мамандар.

Николай Белоусов – СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары:

– Үйдің ішінде тұтанып жатқан отты көрсеңіз, оны сумен, гүл құтысындағы топырақпен немесе тығыз матамен өшіруге тырысыңыз. Шамаңыз жетпей жатса, “101” қысқа нөміріне қоңырау шалыңыз. Дауысыңызды анық шығарып, диспетчерге нақты тұрғылықты мекен жайыңызды айтыңыз. Үйден шығарда суға малынған матаны, пальтоны оранып, бетіңізді дымқыл дәке, орамалмен тұмшалап алыңыз. Қою түтін көп болса, еңбектеп шыққан дұрыс.

Өрт оқиғасы кезінде балаларды назардан тыс қалдырмаған жөн. Олар қорыққанда қолжетімсіз жерге тығылып қалуы мүмкін. Есікті ашарда байқаңыз. Ол ыстық болуы мүмкін. Қызыл жалын жан-жаққа тарап кетпес үшін артыңыздан есіктерді жауып жүріңіз. Төменгі қабаттар өртке оранса, босқа даурықпай шатырға шығыңыз дейді Аслан Ахметжанов.

Аслан Ахметжанов – Петропавл қаласы ТЖБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Пәтерден электр және газ құрылғыларын сөндіріп шығу керек. Жедел сатыны пайдаланбаңыз. Ол тоқтап қалса, тұрғындарды алып шығу қиынға соғады. Түтін және жалыннан жолды көрмесеңіз, терезенің жанына немесе балконға шығып тұрыңыз. Үйлеріңізде қимыл-қозғалысы нашарлаған қариялар, кішкентай балалар қалып қойған болса, ол жайлы дереу өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып хабарлау керек.

Аслан Ахметжановтың айтуынша, ПИК-тері тұрғындар арасында оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізіп тұрады. Алайда шараға бәрі бірдей қатыспайды.

Берік Қасен