МТРА жаңалықтары

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өтті

Әдiлбек Әубәкiров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының міндетін атқарушы:

– Жергілікті атқарушы органдар бұл іске атүсті қарайды. Шағын елдімекендерде білікті мамандар тапшы. Осының бәрі жағдайды тығырыққа тіреп тұр. Су таратумен айналысатын ұйымдармен ресми түрде келісім шарт жасалмаған. Келешекте мемлекет қаржысына салынған және Кеңес кезінен қалған желілер “Қазсушар” республикалық мемлекетік кәсіпорнының қарамағына өтеді. Бұл жөнінде арада келіссөздер жүргізілді.

“Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында елдімекендерді орталықтандырылған су тораптарына қосу ісі жалғасын табады.

Есжан Оразалин – облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы:

– Үстіміздегі жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында сумен қамту нысандарына 2 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың соңына дейін Шаховское, Раисовка, Сарыбұлақ, Сырымбет, Кавылное, Возвыщенка барлығы 9 ауылдағы жұмыстар аяқталады. Келесі жылы Ғ.Мүсірепов ауданындағы екі ауылға су құбыры тартылмақ. Осылайша, өңір ауылдарын таза ауыз сумен қамту көрсеткішін 57 пайызға жеткізу көзделуде.

Облыстық мәслихаттың депутаттары жұмыс сапарымен өңірдің бірнеше ауданын аралап тұрғындармен тілдескен. Жерлестерімізді әдеттегідей таза ауыз сумен қамту мәселесі алаңдатады.

Серік Ахметбеков – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Ақжар ауданы 87 пайызға орталықтандырылған су тарату жүйесіне қосылған. Ал Есіл өзеніне жақын орналасқан Шал ақын ауданында бұл көрсеткіш бар-жоғы- 31 пайызды құрайды. Тұрғындардың шағымы көп. Әсіресе, қыс мезгілінде ауылды жерлерде тұратындарға қиын. Суды тасып ішеді. Колонкалары жөнді жұмыс істемейді. Малды көп ұстауға да мүмкіндік жоқ.

Өткен 5 жыл көлемінде елдімекендерді сумен қамту жұмыстарына ел қазынасынан 23,6 млрд теңге жұмсалыпты. Алайда атқарылған істе шикілік көп.

Осы күні сумен қамту нысандарына қажетті деңгейде күтім жасайтын мердігер компаниялар жоқ. Облысымыздың үш ауданында таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 30 пайыздан аспайды.

Берік Қасен