Спорт

Петропавлда волейболдан ел біріншілігі жалауын желбіретті

Евгений Целых – жарыстың бас төрешісі:


– Біріншілік 30 қазан мен 4 қараша аралығында өтпек. 16-17 жасар жеткіншектер қатысуда. 15 құраманы 4 топқа бөлдік. Топтық кезеңнен үздік шыққандар финалға жолдама алады, ал қалғандары турнир кестесіндегі орындар үшін таласпақ. Мұнда жас болса да кәсіби спортпен шұғылданушы жеткіншектер аз емес. Сондықтан да кездесулердің бәрі қызықты өтеді.

Қазір алаңда жергілікті құрама мен БҚО жігіттері. Алаң иелері қара жейдеде. Құрамалар 5 кезеңде бақ сынасады. Бірінші болып 25 ұпай жинаған команда кезең жеңімпазы атанбақ. Алғашқы периодта теріскейлік жеткіншектер ұтымды ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласынан 25-22 есебімен басым түсті. Екінші кезеңде қонақтардың жинақылық танытпасы бар ма, қарқынын күшейтті. Күшейткені соншалық, алаң иелерін 25-15 есебімен жеңді. Кезеңдер есебі әзірге теңбе-тең. Жеңімпазды болжау қиын.

Камиль Гайнуллин – БҚО командасының ойыншысы:


– Жарысқа ұзақ әрі тыңғылықты дайындалдық.Ойын біз үшін әзірге ойдағыдай өтіп жатыр. Солтүстік Қазақстандық құрама осал емес, чемпиондық атақтары бар. Алайда, біздің тактикамыз мықты, сондықтан бүгін жеңістен дәмеліміз.

Үшінші период тіпті қызық. Алғашында екі құрама да тең келе жатқан еді. Алайда кезең аяғында батысқазақстандықтар алға суырылды. Нәтижесінде айқын басымдылықпен, 25-19 есебімен солтүстікқазақстандықтарды жеңді. Кездесу тағдыры енді шешілмек. Қонақтар бұл периодта басым түссе, жеңімпаз атанады, ал теріскейлік тарландар озса құрамалар қосымша периодта бақ сынаспақ. Дегенмен бұл жолы да жергілікті волейболшылардың жолы болмады-ақ. Оралдық құрама 18-25 есебімен басым түсті. Ал қорытынды есеп 1:3. Осылайша солтүстікқазақстандық құрама біріншілікті жеңіліспен бастады. Ендігі кезекте, теріскейлік тарландар ОҚО құрамасымен кездесу өткізбек.

 

Саят Ермек