Қоғам

Петропавлда қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы қорытындыланды

Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында аға буын өкілдерінің ешқайсысы назардан тыс қалмады. Оларға түрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұны қаланың дамуына өз үлестерін қосқаны үшін қарияларға алғысын білдірген шаһар басшысының орынбасары Евгений Глотов атап өтті.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


–  Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы көлемі ұлғайып келеді. Медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жаңартылуда.

Бұдан соң қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында аға буын өкілдеріне түрлі көмек қолын созған қайырымды жандар марапатталды. Қошеметке бөленгендердің қатарында “ҚР Ұлттық Банкі” СҚФ директоры Мираш Жұмашев та бар. Қаржы институты өздерінің ардагерлерінен бөлек, кезінде еңбек еткен ұжымдарынан қол үзіп қалған қарттарды да назардан тыс қалдырмапты.

Мираш Жұмашев – “ҚР Ұлттық Банкі” ММ СҚФ директоры:

– Біздің филиалда 60-тан астам ардагер бар. Оның 40-қа жуығы қалада тұрады. Оларды назардан тыс қалдырмаймыз. Мұқтаждарға ақшалай көмек көрсетеміз.

Жалпы қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында Петропавл қаласында 200-ден астам іс-шара өткізілген. 1150 кәсіпорын мен мекеме ат салысқан қайырымдылық сенбілігі ұйымдастырылды. Одан түскен қаржы ардагерлер кеңесінің қорына аударылыпты.

Сара Тасеменова – Петропавл қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы:

 


–  Бүгінде қалада 83 ҰОС ардагері бар. 56 348 ардагерлер мен мүгедектер зейнетақы мен мемлекеттен көмек алады. Оған қоса 4 мыңнан астам тыл еңбеккерлері де шаһарда тұрады.

Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Риат Шони