МТРА жаңалықтары

Информатика пәнінің мұғалімдері мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алу бойынша біліктіліктерін арттыруда

Ол бүгін өзге әріптестері секілді электрондық үкімет арқылы мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ алудың қыр-сырын үйренуде. Айтуынша, бұл жүйе ыңғайлы.

Арман Қабдөшев – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының информатика пәні мұғалімі:


–  Қазір көптеген құжаттарды үйден отырып алуға болады. Бүгін бізге соны үйретіп жатыр. Енді оны өз әріпестерім мен оқушыларыма үйретемін.

Бұл әзірге пилоттық жоба. Оның аясында өңірде 513 педагог оқытылмақ. Бұның арқасында халыққа қызмет көрсету орталығына келетіндердің қатары азайып, тұрғындар қажетті құжаттарын үйінде отырып ала алатындығына сенімді ұйымдастырушылар.

Гүлнәр Жусалина – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:


–  Қазір ХҚКО-на жүгінушілер көп. Сол себепті тұрғындар өз біліктіліктерін арттырсын деп оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жалпы халыққа қызмет көрсету орталығына күніне 2,5 мыңға жуық адам келеді. Оларға 600-ден астам қызмет түрі көрсетіледі. Ал 447-ін тұрғындар электрондық үкімет порталы арқылы ала алады.

Самат Бекенов – “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕ СҚО бойынша филиалы – “ХҚКО” департаменті директорының орынбасары:


–  Қазір біздің мекемелер мен жүйелер заман талабына сай жарақтандырылған. Сол себепті халық керекті құжаттарын бізге келмей-ақ ала алады. Көбіне мекемеге негізгі үш құжатты алу үшін жүгінеді. Ол – мекен-жайлық, жылжымайтын мүлікке қатысты және сотталмағандығы жайлы анықтама.

Информатика пәнінің мұғалімдері электрондық үкімет арқылы жұмыс істеп үйренгеннен кейін, білгендерімен мектептерде өзге әріптестері және оқушылармен бөліспек.

 

Риат Шони