МТРА жаңалықтары

СҚО “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында барлығы 10 жоба жүзеге асырылуда

Әдiлбек Әубәкiров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде “Қызылжар су” серіктестігі Ғ.Мүсірепов көшесі бойындағы коллекторды, Тоқсан би, Петров көшелеріндегі кәріздік-сорғы станцияларын және “Омутки” көліндегі бөгетті қайта жаңғыртудан өткізуде. Қазіргі таңда аталған жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.

Жалпы барлық жобалар бойынша бөлінген қаражат 68 пайызға игерілді.
Осы тұста депутаттар сапаға да ерекше көңіл бөліну керектігін қадап айтты. Себебі инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаратын компанияларға қатысты тұрғындардың шағымы көбейген.

Сергей Тимофеев – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Жұмыстарды бекітілген кестеден кешіктіріп бастайсыздар. Бұл тұрғындар үшін біраз ыңғайсыздықтар туғызады. Оған қоса мердігерлер құбырларды жөндегеннен кейін жолдарды бастапқы қалпына дұрыс келтірмейді.

Жиын барысында жол құрылысы бойынша “ҚазАвтоЖол” компаниясының өкілі Болатбек Айтбаев та депутаттарға есеп берді. Бүгінде “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 3 ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ жетекшісі:

– Жобаның бірі Астана-Петропавл транзиттік дәлізі. Қазіргі таңда біз Ресей мемлекетіне апаратын жолды заман талабына сай технология бойынша жөндеп жатырмыз. Ел қазынасынан бөлінген қаражат мерзімінде игерілуде.

Осы орайда халық қалаулылары Бұқар жырау көшесіндегі өтпелі көпірдің жағдайын сұрады. Ұлттық компания өкілі Болатбек Айтбаевтың сөзінше, ондағы жұмыстар келесі жылы аяқталмақ.

Берік Қасен