Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар латын қарпінің бекітілген нұсқасына үн қосты

Жарасбай Сүлейменов – Солтүстік Қазақстан газетінің бас редакторы:


– Ғалымдар, басқа да осы мәселемен айналысқан адамдар бұл латын әліпбиін қолдану бізге не береді деген сауалдың төңірегінде өз ойларын айтып жатыр. Шын мәнінде жаңашылдықтың халқымызға, елімізге берері көп. Ең бастысы біздің еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жол ашады. Өркениетке қосылуға жол ашады. Сонымен қатар өзіміздің түп тамырымыз Түркі елдерінің өркениетіне қосылуға өлес қосады. Осындай артықшылықтары бар.

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы тіл мамандарының сүзгісінен өтіп, көптеген елдердің тәжірибесі мен қателіктерін ескеріп дайындалды. “Қызылжар” білім беру орталығының директоры Жанат Мұхамеджанов латын графикасына көшу заман талабы дейді.

Жанат Мұхамеджанов – “Қызылжар” білім беру орталығының директоры:

– Жаңа графиканың қолданысқа енгізілуін құптаймын. Келешекте балаларымыз
басқа елдің графикасын үйреніп босқа әуре болмайды. Кейін қазақ ұғымында жоқ көп әріптерден құтыламыз. Бұл орфографиялық және орфоэпиялық тұрғыдан жаңа өзгерістер алып келеді. Дыбысталу жүйемізді қайтадан бір арнаға түсіреді деген ойдамыз.

Алдағы уақытта тіл мамандарын ауқымды жұмыс күтіп тұр. Әдістемелік жұмыстар ұйымдастырылып, алдағы екі жылда білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушылары қайта даярлаудан өтеді. Ал 2022 жылдан оқушыларға оқулықтар әзірлене бастайды.

Берік Қасен