МТРА жаңалықтары

“Жемқорлыққа қарсы шара қолдану жүйесі” тақырыбында конференция өтті

Қайрат Шаймұқанов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Жыл басынан бері 9 рет сыртқы сараптама жұмыстарын өткізіп, соның негізінде мемлекеттік мекемелерге қателіктерді түзету жөнінде 107 ұсыныс жасалды. Бүгінде оның бәрі орындалды. Лауазымды тұлғалар көбінесе стандартта көрсетілмеген құжаттарды қызмет алушылардан сұратып жатады. Осындай фактілердің алдын алу біздің міндетіміз.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті тоқсан сайын БАҚұралдары, ішкі саясат басқармасы, жоғарғы соттың электрондық базасындағы мәліметтерді қарап отырады. Соның негізінде әр айдың 20-сы мемлекеттік мекемелерге қателіктерді түзету бойынша ұсыныстарды жолдап тұрады. Лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Мәселен, көктемде бір мемлекеттік қызметші азаматтан сыйлық ретінде мың теңге алғаны үшін әкімішілік жауапкершіліке тартылды. Қалалық сот шешімі бойынша ол 453 800 теңге айппұл төлеуге міндеттелді. Басқа шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Руслан Жұмағұлов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Жыл басынан бері 9 лауазымды тұлға жемқорлыққа жол бергені үшін қылмыстық жауапкершіліке тартылды. Жыл сайын құқықбұзушыларды саны артпаса, кемімей тұр. Ішкі істер органдарында қызметтік лауазымын пайдаланып, тұрғындардан пара алатындар көп.

Қайрат Шаймұқановтың сөзінше, бармақ басты, көз қыстылық фактілерін азайту бағытындағы шаралар жалғасын табады. Жемқорлық тәуекелдері бар, жиі заңбұзушылықтар жасайтын мемлекеттік мекемелер жиі тесерілетін болады.

Берік Қасен