Спорт

Баскетболдан жасөспірімдер арасында облыстық жарыс бастау алды

Есілбай Омаров – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен жұмыс жөніндегі облыстық дене шынықтыру – спорт орталығы директорының орынбасары:

– Бұл чемпионт аяқталған соң құрама команда құрылады. Олар кейін облыс намысын республикалық жарыста қорғайтын болады. Сайысқа Тайынша, Қызылжар және жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің ұл-қыздары қатысуда.

Алғашқы ойын Қызылжар ауданы мен петропавлдық “Барс-1” қыздар құрамалары арасында өтті. Ақ түсті жейдеде қонақ команда болса, жасыл формада жергілікті жастар ойнап жүр. Алғашқы 10 минуттықта қос ұжым бұрымдылары көз сүйсіндірерлік ойын өрнегін көрсетпеді. Жиі қателіктерге жол беріп жатты. Кей сәттерде баскетболшылар бағыттаған доп сақинадан мүлде алыс ұшты. Тек, бірінші кезеңнің соңғы бөлігінде есеп ашылды. 2 ұпайды петропавлдық қыздар иеленді.

Дегенмен, Қызылжар ауданының құрамасы жылдам есе қайтарды. Бұдан соң да командалар ұпайларға ие болды. Сонымен алғашқы кезең 4-те 4 есебімен аяқталды.

Кристина Киряева – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

 


–  Біз бүгін Тайынша ауданының қыздарымен ойнап ұтылып қалдық. Көп қателікке жол бердік. Сол себепті бұл кездесуде жеңіске жетіп, ұпай иеленуімз керек. Қарсыластарымыз мықты. Жақсы ойнайды. Бірақ, біз ұтамыз.

Қалған 30 минутта қызылжарлықтардың басымдығы байқалды. Олар “Барс-1” құрамасын 23-те 10 есебімен тас талқан етті. Жалпы, Петропавлда баскетболдан 2002-2003-ші жылғы және одан кіші жастағы ұл-қыздардың бәсекесі 2 күнге созылмақ. Жарыс жүлдегерлері медаль, кубоктармен марапатталатын болады.

Култанов Байболат