Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Жас Өркен” шағын ауданындағы көпірдің бір жақ бөлігі ашылды

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол”ҰК” АҚ СҚОФ директоры:


–  Көпірдің бір жақ бөлігін ашу біздің жоспарда жоқ еді. Алайда облыс әкімі мен Ұлттық компания басшылығының сұрауымен осы қадамға барып отырмыз. Көпір үстімен қатынайтын көліктерге шектеу бар. Мұнда тек жеңіл көліктер мен қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар ғана жүре алады. Ал қалған машиналар бұрынғысынша Жұмысшы кенті арқылы қатынайды. Оны жергілікті полиция
қызметі қадағалайды.

“Жас Өркен” шағын ауданындағы көпірдің бір жақ бөлігінің ашылғандығын естіген көлік иелерінің қуанышында шек жоқ. Жаз бойы ұзақ шақырымды айналып жүрген олар, енді бұрынғы қалыпты жолдарымен қатынау үстінде. Көпір үстімен ағылған көліктен есеп жоқ.

Атымтай Ахметов:


–  Жақын маңда үй салып жатырмыз. Айналып жүру қиын еді. Енді біршама жеңілдеді.

Евгений Щеголев:


–  Мен мына жердегі фирмаға тауар тасимын. 5 минуттық жерге бүкіл қаланы айналып жарты сағатта әзер жететінмін. Енді уақытымды үнемдейтін боламын.

Жоспар бойынша бұл көпір ұзартылып, кеңейтілмек. Қазір жұмыстың тек 75 пайызы ғана тындырылған. Оның үстіне уақытша ашылған бір жақ бөлігінде асфальт жөнді төселмеген. Оған себеп қыс маусымына байланысты асфальт-бетон шығаратын зауыт өндірісін тоқтатқан. Ал көпірдегі күрделі жөндеу аяқталғанға дейін мұнда тақтайдай тегіс жол төселмек.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол”ҰК” АҚ СҚОФ директоры:


–  Келісім шарт бойынша көпірді біз 2018-ші жылдың қараша айында тапсыруымыз керек. Бірақ, жұмысты ертерек тындырамыз деп отырмыз. Жоба құны 1 млрд 280 млн теңге. Көпір конструкциясы 83 метрді құрайды. Оның бойына диодты шамдар орнатылады.

Айта кету қажет, көпірдің бір жақ бөлігінің ашылуына байланысты 6 бірдей бағыттағы қоғамдық көлік өзінің бұрынғы кестесіне қайта ауысты. Олар 14, 24, 25, 4А, 16 және 101-ші автобустар.

 

Риат Шони