Қоғам

Осыдан 80 жыл бұрын елімізде “Қазақ саңыраулар қоғамы” құрылды

“Sensative” би ансамблі өңір сахналарын ғана емес, республика мен әлемді бағындырған өнер ұжымы. Олар Ресей, Италия, Болгария сынды елдерде өнер көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Бір қарағанда жасөспірімдердің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. Алайда, балалардың құлағында мүкісі бар. Сондықтан, ойларын ым-ишарамен жеткізеді.
Гүлнұр Кикбаева түрлі дәрежедегі байқаулардың жүлдегері. Бойжеткен ыммен ән айтады екен.

Гүлнұр Кикбаева – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат оқушысы:


–  Біздің мектеп-интернат оқушыларының барлығы “Қазақ саңыраулар қоғамына” мүшелік етеді. Мерейтойлық концертке барымызды салып дайындалдық. Өз басым бүгін ән айтып, сахналық қойылымдарда өнер көрсетудемін. Бірлестіктің 80-жылдығымен баршамызды құттықтаймын.

Сондай-ақ, шара барысында “Қазақ саңыраулар қоғамының” белсенді мүшелері шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтың бірқатар марапаттарына ие болды. Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат директоры Жангелді Тәжин министрліктің алғыс хатын иеленді. Аталған білім ошағы құлағында мүкісі бар жандардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді екен. Мәселен, мектеп қабырғасында бірқатар үйірмелер жұмыс жасайды. Бүгінгі концерт те осы нәтижелі шаралардың жемісі.

Назым Талипова – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат психологы:


–  Балаларымыздың барлғы тәрбиелі, тәртіпті, дарынды. Бұның барлығы мектеп мұғалімдері, тәрбиешілері мен ата-аналар қауымының арқасында. Интернатымызда сабақтан тыс түрлі үйірмелер бар. Футбол, би, ыммен ән-айту.

Мектеп-интернат түлектерінің колледж, университет сынды оқу ордаларында білім алу мүмкіндіктері бар. Алайда, бұл үшін оларға аударушы маман қажет екен. 10 жыл ішінде тек 20-дан астам бала жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандық иесі атанған.

Ғалия Жәкенова – “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚОФ төрайымы:


–  Біздің қоғамға мүшелік ететін жандарды барынша жұмыспен қамтып, қоғамға бейімдеуге тырысамыз. Әсіресе, ересектер үшін бұл аздап қиындық тудырады. Бізде 3 айлық белгілі бір мамандық игеру курсы бар. Соны тәмамдағандар аспазшылық, тігіншілік, құрылыс салаларында қызмет ете алады. Сондай-ақ, компьютерді меңгеруге көмектесеміз.

Жалпы, “Қазақ саңыраулар қоғамының” өңірлік филиалына 860 адам мүшелік етеді. Олардың 400-ден астамы Петропавл қаласының тұрғындары.

Эльмира Сәдуақасова