МТРА жаңалықтары

Облыстық қуыршақ театрының ұжымы Воронежде өтетін фестивальге аттанбақ

Түрлі пішіндегі және көлемдегі мүсіндер қазақ халқының сан ғасырлық тарихын жеткізеді. Жоңғар шапқыншылығы, ақтабан шұбырынды, жұт және Ұлы Отан соғысы – мұнда бәрі қамтылған. Қойылымда бір де бір сөзді ести алмайсың. Бәрі тек музыкамен әрленген.

Нұрсұлтан Қалқабек, СҚО қуыршақ театрының актері:

– Мен мұнда бірнеше рөл сомдаймын. Алғашында жоңғар қонтайшысын, кейін жылқыны ойнаймын. Спектакль өте күрделі.

Мұндай форматтағы спектакль өңірде бұрын соңды қойылмаған дейді театр ұжымы. Бұл туындымен жергілікті актерлер ресейлік әріптестері мен театр сүйер қауымды таңдай қақтырмақшы. Қазанның 28-і мен қарашаның 6-сы аралығында Ресейдің Воронеж қаласында халықаралық “Маршак” балалар театр фестивалі өтпек. Бұл мерекеде аталмыш туынды алғаш рет сахналанады.

Светлана Щербакова, СҚО қуыршақ театрының труппа меңгерушісі:

 

– Фестивальге 8 актер жол тартпақ. Қойылым өте ерекше, сондықтан көрермендерді бей-жай қалдырмауы тиіс. Туындыны чехиялық режиссер Евгений Ибрагимов қойды. Мұндай ауқымды театр фестиваліне біздің ұжым тұңғыш рет қатысқалы отыр. Бұл шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, өңіріміз жайлы оң пікір қалыптастыруға септеседі.

Қойылым техникалық тұрғыдан да, эмоционалдық тұрғыдан да өте күрделі. Сондықтан оны 14-тен асқан жеткіншектер ғана тамашалайтын болады. Айта кететін жәйт, қойылымға ресейлік көрмендер алғашқы болып баға бермек. Себебі, теріскейде оның тұсаукесері әлі болған жоқ. Ол 17 желтоқсанға жоспарланған.

Саят Ермек