МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша Арнайы мониторинг тобының отырысы өтті

Үстіміздегі жылы «Құпия сатып алушы» әдісі арқылы қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдарының қызметінде бірнеше олқылық әшкереленді. Мәселен, Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бір маманы жұмыс уақытында есікті жауып кетіп қалған.

Аудандардағы мемлекеттік қызметшілер де жұмыс уақытында өз орындарында болмай шыққан. Бұл видеоны да еріктілер жасырын түсіріп алған. Ал мына видео “Халыққа қызмет көрсету орталығы” департаментінің Петропавл қалалық № 3 бөлімінде түсірілген. Мұндағы маман бірінші келген адамға емес, одан кейін келген тұлғаға қызмет көрсетуде.

Александр Бодуновский – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша Арнайы мониторинг тобының төрағасы:


– Бұл бұзушылықтардың бір парасы ғана. Шындығында, әрбір қадам сайын тұрғындар кедергілерге тап болып жатады. Оны жою үшін арнайы мониторинг тобы жемісті еңбек етеді деген үміттемін.

Жалпы «Құпия сатып алушы» әдісі арқылы 64 лауазымды тұлға ерекше назарға іліккен.

Болат Еңсегенов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы:

– Петропавл қалалық 1-ші, 2-ші және 3-ші емханадағылар тұрғындардан стандартта көрсетілмеген құжатты сұратқан. Азаматтарға дұрыс кеңес бермейді. Осыған ұқсас жағдайлар қалалық 7-ші және 23-ші мектептерде кездескен. Аудандық әкімдіктердің жекелеген бөлімдеріндегі мамандар жұмыстарына жауапсыз қарайды.

Өңір тұрғындарының арасында электрондық қызмет жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ақсап тұр. Статистикаға көз жүгіртсек, солтүстікқазақстандықтардың 30 пайызы ғана мемлекеттік қызметтерді электрондық үлгіде алған. Бұл республикадағы орташа көрсеткішке жетпейді.

Берік Қасен