Құқық қорғау органдары

Петропавл қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Ата-аналар төлейтін қаржының көлемі балабақшадағы балалар санына байланысты есептеледі. Балғындар саны көп болса, бір орынның құны төмен болады. Мемлекеттік балабақшаларда бір орын 8-10 мың теңге тұрады. Бөбекжай балабақшалардың бағасы төменірек. Себебі онда бүлдіршіндерге берілетін тағам мөлшері аз.

Айнагүл Сұрағанованың мәліметінше, шағын орталықтар бір орынға 12-14 мың теңге алады. Бұл бағаға жеке кәсіпкерді жалдау, аспаздар мен асхана қызметкерлерінің жалақысы кіреді. Ал жеке меншік балабақшаларда коммерциялық топтарға кәсіпкерлер өздері баға белгілейді. Оған қалалық білім бөлімі араласпайды.

Осы орайда мектептегі асхана мәзірі қозғалды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мектеп оқушыларына жеке тағам мәзірін әзірлеу жөнінде ұсыныс жасады. Себебі оқушылардың бәрі бірдей бір асты жей бермейді. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша мектептерде ата-аналар комитетімен жиналыс өтпекші.

Сондай-ақ, жиын барысында қалалық ІІБ бастығының орынбасары Серік Дәулетов жол белгілерінің техникалық жағдайы туралы баяндама жасады. Қазіргі таңда облыс орталығында 267 жол белгісі, 93 бағдаршам нысаны бар.

Серік Дәулетов – Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары:


– Үстіміздегі жылы қалалық әкімдік өкілдері, жол техникалық инспекция мамандарымен бірлесіп 162 тексеріс жүргізді.35 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар орнатқан көше белгілерінің техникалық жағдайы нашар болып шықты. Басқа компаниялармен салыстырғанда “Дорсигнал” серіктестігі өрескел қателіктер жіберген жоқ.

“Дорсигнал” серіктестігі қазіргі таңда Петропавл қаласының негізгі көшелеріне күн панельдерінен қуат алатын бағдаршамдар орнатуда. Алайда, мекеме басшылығы жол белгілері мен бағдаршамдардың күтіміне мемлекеттен бөлінетін қаражат мөлшерін ұлғайтуды сұрап отыр. Қоғамдық кеңес оған негіздеме болуы тиіс деп, бұл мәселені келесі отырысқа қалдырды.

Берік Қасен