Қоғам

Жас дизайнерлердің байқауы

Саят Ермек – тілші:

– Көздің жауын алатын мына туындыларды жасау үшін жас дизайнерлерге небәрі үш сағат берілді. Биылғы байқаудың тақырыбы – ландшафт дизайні, ал ұшқыр ойын шағын макетке түсіру үшін жеткіншектер пенопласт тақтасын қолдануы тиіс.

Марина Гладкая – Балалар мен жасөспірімдер шағармашылығының облыстық орталығының бөлім меңгерушісі:


–  Дизайнерлердің облыстық байқауын 10 жылдан аса уақыт өткізіп келеміз. Ерекшелігі – қатысушылар жұмыстарын осы жерде отырып жасайды. Сайысқа 13 пен 16 жас аралығындағы облыс мектептерінің оқушылары, колледж студенттері бақтарын сынауда. Барлығы 65 жеткіншек. Онымен қоса, өңірдің 6 ауданынан қатысушылар келді.

Бекзат Қуандықов – Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенті. 15 жасар жеткіншек дизайнер мамандығына оқиды. Мұны оның жұмысынан байқамау мүмкін емес. Сайыста заманауи балалар алаңының макетін жасапты.

Бекзат Қуандықов – байқауға қатысушы, СҚУ колледжінің студенті:
– Макет жасау көп уақытты алады. Алайда бұл маған ұнайды. Байқауда балалар алаңын жасадым, ол заманауи әрі табиғатқа зиянсыз

Жеткіншектердің жұмыстарын тәжірибелі әділқазылар алқасы бағалайды. Қазір олар үздік шыққан жұмыстарды іріктеп жатыр.

Олег Гайнуллин, қазылар алқасының төрағасы:


– Біз қарап шыққан жұмыстардың орындалу стилі мен бағыттары әр алуан. Бірі футбол алаңын, бірі балалар алаңдарын, бірі саябақтың макетін жасаған. Кейбір жұмыстар техникалық тұрғыдан өте ұқыпты жасалған, ал кейбірі шашыраңқы. Осыны ескеріп жүлделі орындарды әділ бөлуге тырысатын боламыз.

Қызығы, қазылар байқаудың бас жүлдесіне бірден 5 қатысушы лайық деп тапты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

 

Саят Ермек