МТРА жаңалықтары

Ұлттық ғылыми медициналық орталығының басқарма төрағасы іс-сапармен Айыртау ауданында болды

Саят Молдахметов – Айыртау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Аудандық орталық аурухана емханадан, 10 дәрігерлік амбулаториядан, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және 57 медициналық пункттен тұрады.

Аурухана жанындағы емханада 27 кабинет, 37 дәрігер жұмыс істейді. Мұнда күніне 400-ге жуық азаматқа медициналық қызмет көрсетіледі.

Орынбасар Батталова – Айыртау ауданының тұрғыны:


– Жүрек ауруы және қан қысымымен жатырмын.Ем жақсы жүріп жатыр, тамақтары жақсы.

Меймандар емханадағы терапевтік және жан сақтау бөлімдерін, ультрадыбыстық диагностика, рентген және ФГДС кабинеттерін аралап, олардың техникалық жабдықталуын және көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын тексерді.

Нұрлан Шағапов, Айыртау аудандық орталық ауруханасының дәрігері:

– Құрсақ қуысы, бүйрек, қалқанша безі және жұмсақ ұлпалардың диагностикасын жүргіземіз, жүкті әйелдерге де қызмет көрсетеміз. Аппаратты 2011 жылы сатып алдық. Жақсы жұмыс істейді.

Ауруханада қажетті аспаптар мен құрылғылардың бәрі бар. Алайда олардың дені Кеңестік кезеңнен қалған, жаңартуды талап етеді. Сондай құрылғылардың бірі рентген кабинетінде тұр.

Саят Молдахметов – Айыртау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:


– РУМ-22 рентген аспабы. Аурухана ашылғанда 90-шы жылы қойылған. Жағдайы жақсы, дегенмен, құрылғы талапқа сай келмейді. Жаңарту керек.

Абай Байгенжин мәселені бақылауға алатынын айтты. Ұлттық ғылыми медициналық орталық басшысы аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартуда қолғабыс етуге дайын.

Абай Байгенжин – “Ұлттық ғылыми медициналық орталық”АҚ басқарма төрағасы, Астана қаласы

– Аспаптардың жағдайы нашар. Осы жердің тумасы болғандықтан практикалық көмек көрсетуге әзірмін. Мұның бәрін отырып талқылаймыз.

Кейін делегаттар аудандық мәдениет үйінде бас қосты. Отырыста Абай Байгенжин айыртаулықтарды өзі басқарып отырған ұлттық медициналық орталықтың жұмысымен таныстырды. Отырыс соңында ел медицинасын дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін Абай Байгенжинге “Айыртау ауданының құрметті азаматы” атағы берілді

Саят Ермек