Әр түрлі

Петропавлдық аспаздар шеберліктерін арттырды

Бүгін “Тенгри” тойханасының дәмханасында 12 түрлі тамақ әзірленуде. Олардың бәрі балықтан дайындалмақ. Дәмі тіл үйірер тағамдарды пісіру үшін мөңке, тұқы, шортан сынды су жануарлары таңдалыпты.

Сонымен бүгінгі шеберлік сағаты басталды. Жиналғандарға Қазақстан Бас аспазшылар Ассоциациясының құрметті мүшесі Юрий Дубинин мөңкеден тағам дайындауда. Алдымен өз ісінің шебері балықты тазалап, екіге бөліп ортаға қойды. Оның ішіне дәмдеуіш септі. Кейін, қуырылған картоп пен, сұлы қақтамасын салды. Оған қозықұйрық саңырауқұлағы қосылды. Бұдан соң маман тамақтың үстіне лимон шырынын тамызды. Мұндай асты дайындау үшін аспаз жергілікті өзен-көлдерден ауланған балықты таңдапты.

Юрий Дубинин – Қазақстан Бас аспазшылар Ассоциациясының құрметті мүшесі


–  Солтүстік Қазақстанның өзен-көлдерінен ауланған балықтар арзан тұрады. Әрі таза. Сол себепті бүгінгі шарада осы мөңке, тұқы, шортаннан тағам дайындауды үйретіп жатырмын. Қасымда көмекшілерім бар. Осы шеберлік сағатынан аспаздар шеберліктерін арттырып, өз дәмханаларында балықтан әзірленген астардың қатарын көбейтеді деп ойлаймын.

15 минут дегенде мөңке балығынан әзірленген тағам дайын болды. Оның әзірленуін “Алишер” дәмханасының әкімшісі Шырайлым Сайбанова жіті бақылап жүр. Азаматша осы жерде көрген-білгенін өз аспазшыларына үйретпек.

Шырайлым Сайбанова – “Алишер” дәмханасының әкімшісі:


–  Маған бүгінгі шеберлік сағаты ұнады. Түрлі рецептер арқылы тамақ дайындауды үйрендім. Оны міндетті түрде өз дәмханамызда пісіреміз.

Айта кетейік, шеберлік сағатына қаламыздағы мейрамхана мен дәмханалардың 18 аспазшысы қатысты. Шара соңында олардың барлықтарына сертификаттар берілді.

 

Култанов Байболат