МТРА жаңалықтары

Петропавлда Ұлттық дельфийлік ойындар өтеді

Байқау 20-ға жуық аталым бойынша өткізілмек. Театр актерлері мен тілшілер қауымы да өздерінің мамандығына сай қатыса алады. Алайда, талап жоғары. Кез келген тапсырмаға шығармашылық көзқарас танытып, оны үлкен жауапкершілікпен орындау қажет. Себебі, қазылар алқасында елімізге белгілі өнер адамдары отырады.

Мейіржан Әлиақбаров – Ұлттық дельфийлік комитеттің музыкалық продюсері:

– Кейбір аталымдарда үй тапсырмалары бар. Оларды міндетті түрде орындап келу қажет.Сайыс талаптары байқау бағдарламасында толық жазылады.

Сондай-ақ, биыл екінші мәрте парадельфийлік ойындар өткізілмек. Жарымжандар ән айту мен арбада билеу сынды аталымдарда бақтарын сынамақ.

Құралай Түспекова – Ұлттық дельфийлік комитет директоры:


– Ұлттық дельфийлік ойындар – ең алдымен, өнердің барлық бағытын қамтитын кешенді сайыс. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 600-дей адам қатысуға ниет білдірді. Олардың барлығы өңірлік кезеңдерде үздік деп танылған азаматтар. Атап өту қажет, теріскей өңірінен жарысқа барлық аталым бойынша сынға түседі. Бұған қоса, өнерпаздар үшін түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Жалпы, сайысқа 18 бен 25 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады. Осы сыннан сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырынан көрінгендер халықаралық дельфийлік ойындарға жолдама алады. Әзірге, аталған байқаудың қашан әрі қайда өтетіні белгісіз.

 

Эльмира Сәдуақасова