МТРА жаңалықтары

Биыл “Казградстрой” ЖШС 255 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады

Қазіргі таңда учаскеде 40 адам тер төгуде. Бірі нысанның қазығын қағып жатыр, басқалары екінші үйдің бірінші қабатын тұтасқұйма темірбетоннан көтеруде. Үйдің әрбір қабатына шамамен 2 апта қажет. Бұл жобаны “Казградстрой” компаниясы “Трио” тұрғын үй кешені деп атапты.

Александр Авдеев – “Казградстрой” ЖШС бас директоры:


– “Трио” тұрғын үй кешені қаланың дәл ортасында, дәлірек айтқанда, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында тұрғызылуда. Қонақжай қазақ халқы шақырған қонағынан қысылмасын деп, пәтерлердің ішін кең етіп жобаладық. Зәулім үйдің маңында жер асты паркингі салынады. Оған жедел сатымен түсуге болады.

Құрылысы енді басталған “Трио” тұрғын үй кешенінің іші-сырты мынадай. Оның электрондық моделін жобалау және инновация институтының қызметкерлері әзірлепті. Аталмыш институт Петропавл қаласында жарты жыл бұрын ашылған. Жеке меншік мекеме құрылыс саласында BIM технологиясын ілгерілетуде.

Антон Макаров – “Институт проектирования и инноваций” ЖШС бас директоры:

– BIM технологиясы өңірімізде алғаш рет қолданысқа енгізілді. Жобалау институты “Афтодеска” бағдарламалық өнімдері негізінде тұрғын үй кешенінің электрондық моделін әзірлейді. Нысанның моделі серверге жүктеледі. Оны прорабтар, сәулетшілер мен өзге де мамандар онлайн режимінде көре алады. BIM технологиясы арқылы үйді түрлі қырынан көруге, құрылыстың сатысын байқап отыруға болады.

Жобалау және инновация институты құрылыс компанияларына қызмет көрсетуге әзір. Алдағы уақытта BIM технологиясын Ві групп компаниясы да қолданысқа енгізбекші. Жалпы 2020 жылға дейін Қазақстанның құрылыс саласы еуропалық стандартқа толығымен көшпекші.

Берік Қасен