Білім

Назарбаев университетінің өкілдері теріскейлік оқушылармен кездесті

Гүлден Шоқатова – Назарбаев университеті өкілі:

– Біздің университетімізде 25 шетелдік студент білім алып жатыр. Олар Монғолия, Бангладеш, Қытай, Непал елдерінен келген. Университетімізді бітірген студенттер көбіне инженер мамандығы бойынша зауыттар мен фабрикаларға орналасады. Ал гуманитарлық білім алған студенттердің көбі оқуларын шет елдерде жалғастырады.

Университетте мектеп түлектері үшін 2 оқу жүйесі қарастырылған. Бірі фаундейшн бағдарламасы аясында студенттер университет алды даярлық бағдарламасын таңдайды. Бұл оқу әдісі 5 жылға негізделген. Ағылшын тілін жетік меңгергендер бірден 4 жылдық бакалавриат бағдарламасын таңдай алады. Университет жаңа жатақханалар, заманауи зертханалармен қамтылған.

Өткен жылы фаундейшн бағдарламасы бойынша берілген 708 гранттың 31-ін солтүстікқазақстандық студенттер ұтып алды. Олардың басым бөлігі гуманитарлық бағыттағы оқуды таңдапты. Ал Әсем Мұрат болса, инженерия мамандығына қызығушылық білдіріп отыр. М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы қазіргі уақытта ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүр. Болашақта ол Қазақстанның ең мықты инженерлерінің бірі болғысы келетінін айтады.

Әсем Мұрат – М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы мектеп-лицейінің оқушысы:

– Бүгінгі презентация арқылы мен өзім үшін көп мәлімет алдым. Мен Назарбаев университетіне қалай түсу керектігін, қандай құжаттар тапсыру кректігін білдім. Осы екі жылда ағылшын тілін жақсы меңгергім келеді.

Айта кетейік, университет өкілдері Петропавлдың 19 мектеп-гимназиясы, 7 орта мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі, 1 гимназия және басқа да оқу ордаларын аралап қайтқан. Әр мектепте оқушыларға презентациялар көрсетіліп, буклеттер таратылды.