Мәдениет

Болат Мекебаевтың кітабының тұсауы кесілді

Болат Мекебаев – суретші, Берлин, Германия:

– Кітап өмірде болған жайттан алынған. Бірде көшеде келе жатсам мені біреу көпшілік ойлайтындай вьетнамдық, қытайлық емес қазақ ретінде танып, қасыма келді. Ол – Рафаель Шнель болатын. Ол басынан өткергенін айтып берді. 12 жасында оны Украинадан жер аударған екен. Сөйтіп, ол өзінен кейінгі бауырларына қарап, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Роман сол кездердегі қиын кезеңді баяндайды.

1964 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген Болат Мекебаев осымен 20 жылдан бері Германияда тұрып келеді. Кітабының тұсаукесерін туған қаласында өткізген ол туындысын солтүстікқазақстандықтарға да таныстыруда. Жерлесімізді осынау маңызды шарамен облыс басшылығы да құттықтады.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Сізді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтаймын. Еліміздің атын шетелде шығарып, танытып жүрсіз. Картиналарыңыз бір төбе. Енді міне, кітабыңыз да шығарып отырсыз. Сізге тек шығармашылық табыс тілейміз.

Өз елінің патриоты. Болат Мекебаевті білетіндер оны нақ осылай суреттейді. Шет елде тұрып жатса да, ол Отанын ұмытқан емес. Осыған дейін шыққан шағын шығармаларында ол туған жері, еліміз туралы көп жазған. Қазақстандықтарға деген қолдауы да ерекше. Ал осы жолғы кітабының сатылымынан түскен бар қаржы 6 жасар Анастасия Морозованың еміне жұмсалмақ.

Надежда Морозова – Анастасия Морозованың анасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Менің қызыма 2,5 жасында билатеральный летинапластома деген диагноз қойылды. Ол көз жанарының обыры. Содан ота жасап, сол көзін алып тастадық. Оң жанарын 4 жылдан бері емдетіп келеміз. Бірақ онымен де жақсы көрмейді. Настя өте белсенді бала. Швейцарияда сол уақыттан бері ем қабылдап келеміз. Міне, қарашаның 13-нде тағы клиникаға барып, ота жасату керек. Соған қаржы жинап жатырмыз. Барлық жандар көмектессе екен дейміз. Ал Болат Мекебаевтың әйелімен екі жылдан бері араласам. Ол өзі маған жазып үнемі қолдау көрсетеді. Бүгінгі шараға да қатысуға олар себепкер болды.

1000 данамен басылып шыққан «Кездесуге дейінгі ұзақ жол» кітабының тұсаукесері алдағы уақытта Астана және Алматы қалаларында да өтпек.

 

Магжан Ахмадина