Спорт

Боксшымыз Жанат Жақиянов өзінің чемпиондық белдігінен айрылып қалды

Андрей Бейсембаев:

– Мен Жанатты жақсы танимын. Онымен бірге жаттығу жасайтынбыз. Өте дарынды боксшы. Шыдамды жігіт. Бүгінгі кездесуде дұрыс тактика таңдап шығарына сенімдімін. Жерлесіміздің жеңіске жетуіне тілектеспін.

Жекпе-жектің бірінші минутынан-ақ Жанат шабуылдаумен болды. Үнемі қарсыласын тығырыққа тіреп отырды. Әсіресе, жақын қашықтықтағы ұрыста бүйір мен бастан ұрып ирландиялықтың апшысын қуырды. Бұл қайтпайтын қазақ ұлының өзіне тән стилі. Дегенмен, Райан Барнетте оңай шағылар жаңғақ емес. Сауатты қорғана жүріп Жақияновқа да ауыр соққыларын дөп тигізумен болды. Көзді ашып жұмғанша 12 раундқа созылған кездесу де аяқталды. Төрешілер шешім шығарар сәтте келді.

Райан Барнет ұпай сандары бойынша жеңіске жетті. Оны 3 төреші де жеңімпаз санапты. Осылайша Жанат аса жеңіл салмақтағы WBA super (ДАБЛ Ю БИ ЭЙ СУПЕР) нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігінен айырылып қалды.

Руслан Есеналин – СҚО дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:

– Кездесу Ирландияда өтті. Сол себепті болар төрешілер Райан Барнет ұтты деп таныды. Кездесу барысында біздің бокшымыз шабылдаумен болды. Ұпай мол жинады. Алайда, жерлесіміздің бағы жанбады. Біз үшін Жанат чемпион. Оны нағыз жеңімпазға сай қарсы аламыз.

Жерлестіріміз де Жанат Жақияновты жеңімпаз санайды.

– Кездесу әділетсіз өтті. Төрешілердің бүйрегі Барнетке бұрды. Мұнын бәрін көрдік. Жанаттың соққылары қарсыласына қарағанда дөп тигендей боды. Бұл жекпе-жекте біздің боксшы 100 пайыз жеңімпаз.

– Төрешілердің шешіміне көңіліміз толмады. Жерлесіміз жеңіске жетті деп ойлаймын. Біз үшін Жанат – чемпион.

Айта кетейік, 33 жастағы Жанат Жақиянов кәсіпқой бокста 29 кездесу өткізіпті. Оның 27-сінде шаршы алаң шебері жеңіске жетіпті. 18 қарсыласын нокаудқа түсіріпті. Жерлесіміз тек 2 жекпе-жекте ұтылып қалды.

 

Култанов Байболат