Спорт

№1 Саумалкөл орта мектебінде “Мен-чемпион” балалардың спорттық ойыны өтті

Мырзабай Тұралинов – №1 Саумалкөл орта мектебінің директоры:

 

– Біздің мектеп аудандағы ең ірі білім ошағы. Білім саласының қызметкерлерінің жиналысында мектеп 3 аталымда үздік деп танылды. Мерейтойға тыңғылықты дайындалдық. Оқушылар мен ұстаздар арасында «80 игі іс» акциясы, спорттық және тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.

Облыстық “Мен-чемпионмын” балалардың спортық ойынында бұл білім ошағының командасы жеңісті өнер көрсетіп жүр. 2015 жылы бас жүлде иеленсе, 2017 жылы үздік үштікті тәмамдаған. Көңілді старттардың оқушылар жүрегіне жол таппасы бар ма, мерейтой қарсаңында мектеп ұжымы өздерінің сайысын өткізуді шешкен. Бұл үшін көршілес Ғ. Мүсірепов ауданындағы Раисовка орта мектебінен және Ақмола облысындағы Красный Яр орта мектебінен құрамалар шақырған. Барлығы 30-дан аса жеткіншек.

Айнұр Мағзұм – жарысқа қатысушы, Ақмола облысы:

– Біз Ақмола облысынан келдік. Мұндай сайысқа бірінші рет қатысып тұрмыз. Жеңуге тырысатын боламыз.

Ойында жергілікті мектептен “Виктория” және қонақтардан “Дружба” мен “Спортики” командалары бақ сынасты.

Николай Скворцов – №1 Саумалкөл орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі, бас төреші:

– Сайысты мектептің мерейтойына арнап отырмыз. 6 сынып оқушылары қатысады. Олар 7 сайыста бақ сынайды. Эстафеталар, көпсайыстар, капитандар сайысы, қырықбуын. Ойынға қажетті құралдардың бәрін өз қолымызбен жасадық. Кезеңдердің бәрі күрделі.

Міне, бірінші сайыс та бастау алды. Құрамалар шағын текшелерді мәреден сөреге кезек-кезек тасуы тиіс. Әзірге ақмолалық қонақтар, ” Спортики” командасы, алда. Алайда қалғандары дес берер емес. Бар күштерін салып жүгіріп жатыр. Бірақ “Спортики” жеңісті уыстан шығармай, бірінші кезеңде мәреге айқын басымдылықпен келді.

Енді кезек құрама жетекшілерінде. Көрермендерге республикалық ойындардан таныс атышулы капитандар сайысы бастау алды. Бастарына каска киіп, қолдарына қаруларын ұстаған каптитандар шайқаста өліспей беріспек емес. Алайда бұл жолы “Виктория” құрамасы басшысының асығы алшысынан түсті. Екі қарсыласының екеуін де жеңді.

Соңғы сайыс – қырықбуын. Құрамалар уақытқа жарысты. Тапсырманы ең тез орындаған команда үздік шығады. Мұнда сөреге 28 секундта жеткен “Виктория” құрамасы жеңді. Осымен көңілді старттар өз мәресіне жетті. Жеңімпаз құрама болмады. Командаларға бөлек аталымдар берілді. Ал әр құрамадан үздік жарысқан ойыншылар анықталды. “Дружба” командасында бұл аталымда Валерий Митрофанов топ жарды.

Валерий Митрофанов,жарысқа қатысушы, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Мен команда жұлдызы атандым. Өте қуаныштымын. Құрамамыз барын салып ойнады. Мұндай сайыстар жиірек өткізіліп тұрса екен.

Жарыс қорытындысы бойынша “ең ұйымшыл” команда аталымында “Дружба”, “ең епті” команда аталымында “Спортики” топ жарды. Ал “ең жылдам” құрама аталымын “Виктория” жеңіп алды. Жеңімпаздарға грамоталар мен тәтті сыйлықтар табысталды.

Саят Ермек