Құқық қорғау органдары

Жол полицейлері “Жолда қабылдау” акциясын өткізді

Көлік жүргізушілері бекет маңында отырған “Нұр отан” партиясы және жергілікті полиция қызметі өкілдеріне жақындап, қызықтырған сұрақтарын қойды, шағымдары мен ұсыныстарын айтты. Кейін ІІО қызметкерлерінің жұмысын жақсарту мақсатында арнайы дайындалған сауалнама сұрақтарына жауап берді. Мадина Омарованың көлік тізгінінде 20 жылдың жүзі. Нәзікжанды мұндай акциялар қала жолдарын қалыпқа келтіруге, жол полицейлері мен жүргізушілердің қарым-қатынасын жақсартуға септеседі дейді.

Мадина Омарова:


– Тәжірибелі көлік жүргізушісі ретінде айтарым, соңғы үш жылда жол патрульдік полиция инспекторларының жұмысы біршама жақсарды. Жол тәртібін бұзсаң ғана тоқтатады, өте сыпайы сөйлеседі, қажеттінің бәрін түсіндіріп береді. Қызмет дәрежесін пайдалану, дөрекілік көрсету азайды. Бұл қуантпай қоймайды. Бұл акция жүргізушілер мен инспекторлардың қарым-қатынасын одан әрі жақсартады деп ойлаймын.

Мұндай акция әр тоқсан сайын ұйымдастырылып тұрады екен. Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметі игі шараны 3 рет өткізген. Бұл – төртіншісі. Алға басушылық бар дейді тәртіп сақшылары.

Баян Байғаскина – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы

– Шараның мақсаты – жүргізушілерге нормативтік-құқықтық көмек көрсету. Олардың сұрақтарына жауап беріп, шағымдарын тыңдадық. Бұл өте маңызды.

Шараға “Нұр Отан” партиясы жергілікті филиалының өкілі де қатысуда. Ол көлік тізгініндегі азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын ақ қағазға түртіп жатыр.

Абай Қайсин – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдауының меңгерушісі:


– Ұсыныстар мен шағымдардың бәрі бақылауға алынады. қажетті мекемелер мен органдарға жібереміз. Олар шараларды қолданатын болады.

Жүргізушілердің дені қаладағы жолдардың сапасына, аулалардағы көлік қоятын орындардың ыңғайсыздығына шағымданған. Ал жол полицейлерінің жұмысына оң бағаларын берді.

 

Саят Ермек