Қоғам

Тіл мамандары мен тарихшылар қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесін талқылады

Ербол Тілешов – Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы:


– Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Сол 24 дыбысты 42 әріп берсе – бұл дұрыс әліпби емес. Қазақстан қоғамында латын қарпіне көшу қызу талқылануда. Бұл қуантпай қоймайды. Біздің елде қоғамдық пікір бар.

Алайда, мұндай қызу талқылау жаңа әліпбиге көшу үрдісін бірнеше жылға артқа шегеруі ғажап емес деді маман. Сондықтан, жыл соңына дейін қабылдауды көздесек, оңтайлы нұсқаны тезірек таңдаған жөн. Айта кетейік, бұл орайда халықтың пікірі екіге бөлінген болатын. Бірі – дигрАфтарды жақтаса, енді бірі тілімізге ғана тән дыбыстарды ноқаттармен, яғни, апострофтармен бергенді жөн санайды.

Ақмарал Ибраева – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:


– Мен бірінші нұсқаны қолдаймын. Диграфтар жеңілірек, ал апострофтармен шатасып кету оңай. Бірақ бұл сұрақты тіл білімінің мамандары терең зерттеуі керек.

Еске салайық, Ербол Тілешов бастаған тіл білімінің мамандары Елбасына латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қазанның тоғызында ұсынған болатын. Су жаңа әліпбиді дайындауда 300-ден аса ұсыныс негізге алынған. Сөйтіп, жаңа нұсқа 32 әріптен тұрады. Бір әріп бір дыбысты білдіреді. Ал, қазақ тілінің төл дыбыстары диграфтармен емес, апострафтармен берілмек. Ербол Тілешовтың айтуынша бұл соңғы нұсқа емес. Мамандар әлі де жұмыс жасауда, сондықтан ұсынылған нұсқалардың өзгеріске ұшырауы, онымен қоса, басқа нұсқалардың пайда болуы да ғажап емес

 

Саят Ермек