Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО диқандары өңір алқаптарынан 5,6 миллион тонна астық жинады

Облыс бойынша гектар шығымдылығы 18,2 центнерді құрады. Былтыр ол көрсеткіш 17,6 центнерден айналған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аграрлық өлкеміздің егістік алқаптарын әртараптандыру шаралары келесі жылы да жалғасын таппақ. Оның машақаты көп болғанымен, пайдасы да аз емес. Қазіргі таңда бір тонна майлы дақылдың құны 30 центнер бидайдың бағасына пара-пар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Өткен жылдармен салыстырғанда майлы дақылдарға тиеслі алқаптардың аумағы 40 пайызға ұлғайтылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады. Келесі жылы 1 млн гектарға жеткізу жоспарда бар. Майлы дақылдардың бағасы бидайға қарағанда 3 есе қымбат. Тоннасы 122 мың теңге. Бәрі экспорталады.

Осы орайда өңірімізде майлы дақылдарды қабылдайтын қоймалардың саны көбейтілуде. Нақтырақ айтсақ, облыс аумағында 52 лицензияланған элеватор жұмыс істейтін болса, соның 55 пайызында жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті.

Жомарт Омаров – «Сервис Жарс» ЖШС директоры:


– Келесі жылы майлы дақылдар, арпа және бұршақ тұқымдастардың аумағын ұлғайтамыз. Мың тонна майлы дақылды Белгияға саттық. Қоймада жасымықтың 4 мың тоннасы жатыр. Жасымықтың жасыл түрі сұранысқа ие.

Келесі жылы химиялық өнімдердің бағасы шарықтайды деп күтілуде. Осыған қатысты жергілікті аграрийлері өз ұсыныстарын айтты.

Жомарт Омаров – «Сервис Жарс» ЖШС директоры:


– Шетелдің химия өнімдері қымбаттайын деп жатыр. Оларға 24-25 пайыз мемлекеттік баж салығы енгізілейін деп жатыр. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыр тиейін деп тұр.

Диқандардың барлығы күзгі өнімді әлдеқашан тазалап, кептіріп алған. Енді олар дәнді және майлы дақылдар бағасының көтерілгенін күтіп отыр.

Мұнымен механизаторлардың ісі біткен жоқ. Қазіргі таңда келесі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық шаралары қызған. Осы күні өңір бойынша жыртылуы тиіс 3 млн гектар жердің 80 пайызы еңсерілді. Биыл жыртылған жерлердің аумағы былтырғымен салыстырғанда 3 есеге өскен.

Берік Қасен