МТРА жаңалықтары

Өрт сөндіру бөліміндегі жедел кезекшілердің жұмысы оңай емес

Меруерт Тұрғынова – №4 өрт сөндіру бөлімінің радииотелефонисті:


– Күніне 100-ден артық қоңырауды қабылдаймыз. Мамандарды оқиға орнына уақытылы жіберіп, адамдарды тыныштандыруға тырысамыз.

Өрт оқиғасы жайлы ақпарат кейін жедел кезекшілерге жетеді. Руслан Базарбаевтың осы қызметте жүргеніне 4 жылдың жүзі болды. Ол аудандарда және қалада орналасқан барлығы 27 құрылымға жауапты. Құтқарушыларды тексереді, олардың оқиға орнындағы әрекетін бақылайды. Қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысады.

Руслан Базарбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:


– Дабыл қақанда біреуге шұғыл көмек қажет екенін лезде білесің. Адамдардың өмірі сенің жедел әрекет етуіңе байланысты. Медициналық қызметкерлер мен өзге де жедел құтқарушылардың жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді.

Көліктер мен өрт сөндірушілердің жарақталуына, оқиға орнына жиналу және жол алшақтығын жіті ескерген жөн. Себебі әр секунд санаулы. Русланның айтуынша, қиын жағдайда қалған адамдарға бір секунд бір сағатай болып көрінеді. Мамандар кей кезде нақты мекен жай білгісіз болса да уақыт оздырмай жолға шығады. Бағыт-бағдарды
қашықтықтан диспетчерлер хабарлап отырады.

Руслан Базарбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:

– Әрбір нысанға жеке бөлімдер бекітілген. Өрт сөндіру машинасы орташа есеппен оқиға орнына 5 минуттың ішінде жетуі тиіс.

Русланның күніне 5 шақыртуға шығатын кездері болады. Төтенше жағдай кезінде қарап тұрмай, қолымнан келгенінше көмек беруге тырысамын дейді ол. Бәріне ортақ мақсат адам шығынын болдырмау.

Руслан Базарбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:

– Мир көшесіндегі көппәтерлі үйдің 4-ші қабатында өрт шықты. Подъезде қою түтін болды. Есіктер жанып жатты. Бір әжей немересімен 5-ші қабатта қалып қойыпты. Жағдайды екпінді жел ушықтырып тұрды. Өзге құтқарушылар 4-ші қабатта қалған адамдарды құтқарумен әлек болды. Жұмыс күші жеткіліксіз еді. Мен автосатымен жоғары көтереліп, кейуана мен жеткіншекті пәтер ішінен алып шықтым.

Құтқарушылар да адамдар. Олар да тілсіз жаудан үрейленеді. Бірақ жалындап жатқан баспанадан адам айқайын естігенде, жаны жай таппайды. Есін тез жиып, жан-жақта болып жатқан жағдайды жылдам бағамдайды.

№1 өрт сөндіру бөлімінде кезекті рет “дабыл”. Өрт сөндірушілер тез жиналды. Бұл мамандардың әдеттегі жаттығуларының бірі екен. Осылайша, Руслан аудандар мен қаладағы жасақтардың даярлығын ара-тұра тексеріп тұрады.

Бекітілген ережеге сай, суды құйып алуға 77 секунд беріледі. Алайда құтқаруышлар бұл тапсырманы 12 секундқа ерте орындады. Жедел кезекші олардың жұмысына “өте жақсы” деген бағасын берді.

Берик Касен