Спорт

Петропавлда әуесқой құрамалар арасындағы түнгі хоккей лигасы бастау алды

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Бұл жарыс ең алдымен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Енді жыл сайын өтетін болады. Бәріңізді сайыс басталуымен құттықтаймын.

Біріншілікте мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер мен кәсіпкерлерден құралған 9 команда бақ сынамақ. Алғашқы ойында петропавлдық “Қызылжар” және аққайыңдық “Сокол” командалары кездесті. Спортты жаны сүйетін өңір басшысы Құмар Ақсақалов та бұл мерекеден шет қалмады. Басына шлем, аяғына коньки киіп, қолына имек таяғын ұстап айдынға шықты. Ол – “Қызылжар” құрамасының шабуылшысы.

Көп кешікпей шайба тасталды. Көк жейдеде қызылжарлықтар, ал “Сокол” ашық түсті формада. Бір қарағанда жігіттерді әуесқой хоккейшілер деп айтпайсың – айдында шыр көбелек айналып жүр, шайбаны да шебер басқаруда. Алғашқы 20 минуттықта құрамалар тең ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен, екі команданың да қорғанысы сыр бермеді – 0:0. Ал, қызықтың көкесі екінші кезеңде басталды. “Қызылжар” қарсылас қақпасына 4 шайба салса, “Сокол” 1 шайбамен ғана шектелді.

– Жақсы ойын көрсетіп жатыр. Маусым жаңа басталды. Біздің жігіттер бұдан да керемет ойнайды деп сенемін.

– Кездесу өте қызықты. Жасөспірімдерге үлгі болар шара. Жылына екі-үш рет ұйымдастырылса игі.

Үшінші кезеңде петропавлдық құрама басымдылығын еселей түсті. Аққайыңдықтарға тағы 3 шайба салды.

Кездесу қорытындысы бойынша есеп 7:1. Құмар Ақсақалов екі шайбаның авторы атанды.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Ойын қызу өтті. Жігіттердің көздері жанып тұр. Спорт деген осындай болуы керек. Аптасына екі-үш рет спортқа көңіл бөлемін – волейбол, футбол, хоккей ойнаймын.

Қызылжар сапында “Құлагер” хоккей клубының бас бапкері Вячелав Белан да ойнады. Ол бұл бастаманы қолдайды. Мұндай жарыстар тұрғындар арасында хоккейге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі дейді.

Вячеслав Белан, “Құлагер” ХК бас бапкері:

– Облыс әкімі “Қызылжар” командасын жасақтаудың басы-қасында жүрді, тыңғылықты жаттықты. Бұл әуесқой спортты алға жетелейтін игі бастама.

Түнгі хоккей лигасының екінші туры алдымыздағы демалыс күндері өтеді. Жоспарда – 4 ойын. Жалпы, біріншілік желтоқсанның бел ортасына дейін жалғаспақ. Жеңімпаз команда тәуелсіздік күні қарсаңында анықталмақ.

Саят Ермек