Спорт

Солтүстікқазақстандық боксшылар Бүкілресейлік турнирден жүлдемен оралды

Денис Языков, бокстан СҚО аға жаттықтырушысы:

– 9 боксшымыздың бесеуі жүлделі болды. Қанжығада 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар. Омбыдағы турнир бұдан да күрделі біріншіліктерге дайындық есебінде болды. Жігіттеріміз жарады. Енді Жетісу кубогі мен Шымкенттергі ересектер турнирінде топ жаруға тырысатын боламыз.

Біріншілікте алтыннан алқа таққан жерлесіміз – Евгений Павлов. 56 келі салмақ дәрежесінде бокстасқан былғары қолғап шебері 4 кездеу өткізіп, бәрінде қарсыластарынан басым түскен.

Евгений Павлов, Бокстан Бүкілресейлік турнирдің чемпионы, Омбы қаласы, РФ:

– Ең қиын кездесу ресейлік Кемрово қаласының боксшысымен болды. Қарсыласым физикалық тұрғыдан өте мықты болды, соққылары қатты. Алайда мен бұл турнирге жақсы дайындықпен барғанмын. Бапкерлердің ескертулерін есепке алып, қарсыласымды тізе бүктірдім.

Қазір Евгенийдің физикалық жағдайы жақсы. Ол қазанның соңында Шымкент қаласында ересектер арасында өтетін біріншілікке қарқынды дайындалуда.

Ал Аслан Асылбеков болса Бокспен 7 жыл айналысып келеді, шаршы алаңда 80-ге жуық кездесу өткізген. Омбыдағы турнирде Аслан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол да 56 келі салмақ дәрежесінде бокстасыпты. Финалдық кездесуде бірге шынығып жүрген құрамаласы Евгений Павловпен жұдырық түйістіріп, жеңіліс тапқан.

Аслан Асылбеков, Бокстан Бүкілресейлік турнирдің күміс жүлдегері, Омбы қаласы, РФ:

– Алғашқы кездесуде Новосібір боксшысымен шығып, 5:0 есебмен жеңдім, екінші рет Омбылық спортшымен қолғап түйістірдім. Оны да айқын басымдылықпен жеңдім.

Аслан және оның қатарластары қазанның 20-сы мен 29-ы аралығында Талдықорған қаласында өтетін Жетісу кубогіне дайындалуда. Теріскей құрамасында тек 7 орын бар. Үздіктерді іріктеу үшін мұнда облыстың бапкерлері мен спортшылары жиналып, спарринг-кездесулер өткізуде. Өзін жақсы жағынан көрсеткендер республикалық турнирде облыс намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Саят Ермек