Мәдениет

“StarTDrama” театр лабораториясы ашылды

“StarTDrama” театр лабораториясының басты мақсаты – іздену. Яғни, жаңа бағытта қозғалу, бұрын соңды қойылмаған спектаклдерді зерттеп, сахнада көрсету. Жалпы спектакльді саханалауға 14 адам атсалысқан. Қоюшы режиссері – Фархат Молдағали.

Фархат Молдағали – “StarTDrama” лабораториясының жетекшісі:

– Бүгін біздің өміріміздегі елеулі оқиға деуге болады. Өйткені бүгін біз “StarTDrama” лабораториясының тұсауын кесеміз.

Аманкелді Төлегенов С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі. “86” спектакілінің қойылатынын естіп, қатысуға ниет білдірген. Бір жарым ай бойы саханалық шеберліктерін шыңдапты. Қазақ жастарының рөлін сомдаған ол бұл спектакілге асқан жауапкершілікпен қарағанын айтады.

Аманкелді Төлегенов – С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:

– Бәрі көрерменнің ойынан шықты деп ойлаймын. Бұл негізі күндегі дайындықтың нәтижесі.

“StarTDrama” лабораториясы қойған спектакль саундрама жанрында орындалған. Бұл аты айтып тұрғандай музыка мен драманы бірлестірген жанрдың жаңа түрі.

Театр әртістері желтоқсан ызғарын бимен жеткізуге тырысты. Бұл ретте Астанадан арнайы шақырылған хореограф Шырын Мұстафинаның еңбегі орасан.

Қойылымға жиылған көрермен көзіне еріксіз жас алды.

– Бұл спектаклден үлкен әсер алдым. Бұның барлығы актерлердің еңбегі мен жемісі деп ойлаймын.

– Керемет спектакль болды. Халықпен тікелей қарым-қатынас.

Осы жанрдағы спектаклдерді ұжым жылына екі рет қоюды жоспарлаған. Ал егер демеушілер тарапынан қолдау болса, “StarTDrama” лабораториясы көрермендерін жаңа қойылымдармен жиірек қуантатын болады.