Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты бастау алды

Көп кешікпей сайыс басталып кетті. Кілемде – Қарағанды облысынан келген үштік. Қыздардың бірге өнер көрсетіп жүргендеріне жарты жылдан асыпты. Бұл – олардың алғашқы чемпионаттары.

Екатерина Петришина , жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы:

– Біріншілікке бір ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Біздің үштік жарты жыл бұрын ғана құрылды. Алайда, бірінші жаттығулардан-ақ бір-бірімізді түсініп, сіңісіп кеттік. Элементтердің бәрі ойдағыдай шықты, сондықтан жеңістен үміттіміз.

Спортшылар бес аталым бойынша сынға түсті. Олардың өнерін 16 төреші сынады. Арасында халықаралық дәрежедегі судьялар да бар.

Сұлу Қанаева, халықаралық дәрежедегі төреші:

– Спорттың бұл түрі әмбебап әрі көздің жауын алады. Жарысқа қыздар жұбы, ұлдардан құралған және жалпы аралас жұптар, қыздар триосы мен ұлдар төрттігі қатысады. Әр түрден чемпиондарды анықтайтын боламыз. Спортшылардың акробатикалық элементтерді орындау техникасы мен әртістік шеберлігіне баса мән беріледі.

Сальто, айналымдар, түрлі акробатикалық трюктер. Қазақстаның түкпір-түкпірінен жиналған жеткіншектер бұл амалдардың бәрін үлкен ынтамен орындауда. Біріншілікте барлығы еліміздің 8 облысынан 150-ден астам атлет бақ сынауда.
Айта кетейік, бұл – жарыстың тек бірінші күні. Еліміздің үздік жас акробаттары ел чемпионатының жүлделерін 3 күн бойы сарапқа салатын болады.

Саят Ермек