Қоғам

Оқушылар – қарттарға қолқабыс

Алексей Сорокин, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектептің оқушысы:

– «Жас ұлан» балалар жасөспірімдер ұйымына қарттарымызға немқұрайлы қарамайтын балалар кіреді. Жыл сайын жағдайы келмейтін кәрі ата-әжелерге көмектесеміз. Бүгін Любовь Кравченконың үйіне келдік. Былтыр 9 мамыр күні концерт қойып, мектебімізге шақырдық. Әжей сырқаттанып келе алмады. Біз өзіміз үйіне жылжымалы сахнамызды алып келіп, көңілін көтердік. Ол кісілер қуанса біз де көңілденеміз.

Жеткіншектер үйдің маңайын жапырақтан, қураған шөптерден тазартуда. Любовь Кравченко халі келіп тұрған шақта осы ауладағы жұмысты өзі-ақ тындырыпты. Бірақ, соңғы екі жыл үйден шыға алмай жүр. Тек ыдыс жууға халі келетін әжей, өзге жұмыстарға әлеуметтік қызметкер көмектеседі дейді. Тыл ардагері өзін ұмытпайтын оқушыларға дән риза.

Любовь Кравченко, тыл ардагері:

– Жақсы адамдар келеді. Шіркеуден дін өкілі де келіп тұрады. Екі балам бар. Ресейде тұрады. Біз қарт адамдармыз, ауырамыз. Оларға бұл ұнамайды. Жылына бір келіп кетеді. Өзге уақытта осылай жастар, көршілер келіп көмектеседі. Мерекеде жақсы жандар келіп құттықтап кетеді. Өмірге өкпем жоқ.

Любовь Кравченконың үйіне «Жас Ұлан» ұйымының оқушылары жиі келеді. Былтыр қыста қардан ауласын аршып беріпті. Биыл да ақ ұлпадан тазартып береміз деп білектерін сыбанып отыр.

 

Акбопе Танирберген