Денсаулық сақтау

Обыр дертін ерте анықтаудың маңызы зор

Олег Дудяк – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Сүт безі және жатыр мойыны ісігі аурулары әлемде кең тараған дерттердің бірі. 2017 жылдың 9 айында солтүстікқазақстандық 126 әйел адамда сүт безі обыры анықталды. Солардың 82 пайызы алғашқы кезеңдерде тіркелген екен. Қалғандары ауру белгілері байқалса да, жүре береді. Ауруды ерте баста емдеу, жеңіл әрі арзан. Ал 3-ші, 4-ші сатыларына дейін жеткізсе, онда оны емдеу ұзақ, әрі біраз қымбат шығады. Айталық, 3-ші кезеңдегі обырды емдеудің құны 10 млн теңгеден асып жығылады.

Ақ халаттылар соңғы кездері, тұрғындардың көпшілігі денсаулығына салғырт қарамай тексеруден өтуге келіп тұрады дейді. Әрине ол – қуантарлық жайт. Бұл салада орын алған тағы бір жаңалық бар. Теріскейлік дәрігерлер обыр дертін ерте бастан анықтауға септесетін «Онкоскрин» бағдарламасын ойлап тапқан. Ол үшін қалтадағы смартфонға жүктелетін қосымшаның көмегімен 1-2 минуттың ішінде сауалнамаға жауап берсе болғаны.

Дмитрий Тё – жоба авторы, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирург дәрігері:

– Мобильді қосымша 1 жұмадан астам уақыттан андроид жүйесінде жұмыс жасап жатыр. Осы аралықта оны 50 мыңнан астам адам ұялы телефондарына жүктеп алған. 1000-нана астам адам жақсы пікірлерін де қалдырыпты. Бұл қосымшаның сұранысқа ие екендігін көрсетіп отыр. Мобильдік қосымша, скринингті алмастырды деген сөз емес, ол тек азаматтарға ұсыныс жасайды. Яғни тест қорытындысы бойынша аурудың алғышарттары анықталса, скринингтен өтуге немесе дәрігердің қаралуына баруға кеңес береді. Алдағы уақытта оны айос жүйесіне қосу да жоспарланған.

Алдағы уақытта аталған тың жобаны жақсарта түсу көзделген. Жалпы дәрігерлер обыр дертіне шалдықпау үшін зиянды әдеттерден аулақ болып, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғалдану керектігін айтады. Ал әйелдердің денсаулығын сақтау бойынша бастау алған онкүндік аясында, қазаның 18-і облыстық онкологиялық дисапсерде ашық есік күні өткізілмек.

Магжан Ахмадина